Табиғат пайдаланушыларға 1434 рұқсат қағазы берілді

(0 Votes)

Жалпы өңірімізде балық шаруашылығы қалай дамуда? Қандай жұмыстар жасалып жатыр? Алда қандай міндеттер тұр? Осы сұрақтардың жауабын білмек ниетпен Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы Дүйсалиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Көп айтылатын нәрсе балық аулауға рұқсат алу. Ол қалай беріледі? Сала қанша адамды жұмыспен қамтып отыр?

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы Дүйсалиев: – Көктемгі балық аулауға рұқсат беру ақпан айында басталды. Басқарма, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсатты мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентіне сәйкес, яғни, «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы береді. 2018 жылы-2478 (дәлелді бас тарту-10), 2019 жылы-3293 (дәлелді бас тарту-2), ал, ағымдағы жылдың ақпан - шілде айлары аралығында-1434 рұқсат қағазы беріліп отыр (дәлелді бас тарту-2).

Атап айтқанда, табиғат пайдаланушылар балық аулайтын әр қайықтағы бригадаға (3 адамнан артық емес) немесе ау тартатын әр звеноға (10 адамнан кем емес) маусымда әрқайсына 4-5 рет рұқсат алады. Мысалы, Құрманғазы ауданының тартымдарынан да балық аулайтын «Амангелді атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2018 жылы-803, 2019 жылы-979, ал, ағымдағы жылдың ақпан - мамыр айлары аралығында 267 рұқсат қағазы берілді. Басқарма өтінімді және оған қоса берілетін құжаттардың, яғни, төлеген төлемақы, рұқсат етілген балық аулау құралдары мен жүзу құралдарының сәйкестігін тексеріп, өтінім келіп түскен уақыттан бастап 3 жұмыс күн ішінде рұқсат береді немесе портал арқылы электрондық түрде дәлелді бас тарту жолдайды.

Осы жерде айта кетейік Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің 502 бабына сәйкес, балық шаруашылығы субъектілері жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін кәсіпшілік балық аулауға рұқсат алмастан бұрын бюджетке белгіленген ставка бойынша төлемақы төлейді. Атап өтсек, балық шаруашылығы субъектілері арқылы 2018 жылы-180, 2019 жылы-225, ал, ағымдағы жылдың ақпан - шілде айлары аралығында 37 миллион теңге биоресурс төленді. Болжам бойынша алдағы кезеңдерге қосымша бөлінген лимиттерге сай жыл соңына дейін қосымша 197,0 млн қаражат түседі деген есебіміз бар. Қазіргі таңда Атырау облысының халқы үшін балық шаруашылығы әлеуметтік-экономикалық аса маңызы бар әлеуетті зор саланың бірі болып табылады. Себебі, Жайық өзенінің жағасында орналасқан Дамба, Амангелді, Қызыл балық, Жаңа талап, Еркінқала сондай-ақ, Қиғаш өзенінің жағасында орналасқан Приморье, Утера, Сафон, Кудряшов, Котяев және Шортанбай ауыл тұрғындарының табыс көзі балық шаруашылығы екені бәрімізге мәлім. Бүгінде облысымыздағы 18 балық шаруашылығы кәсіпорындарында 5 мыңға жуық адам еңбек етуде. Оның ішінде 617-сі тұрақты және 4385 адам маусымдық жұмыспен қамтылғандар.

– Өңірімізде өндірілген балық өнімдерінің шетке шығарылу деңгейі жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?

– 2019 жылы ауланған 13099 тонна балықтың 12900 тоннасы өңделді. 8964,3 тоннасы (69,5%) Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспортталды. Өсім көрініп тұр, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5686 тонна болатын.Сондай-ақ, ағымдағы жылдың ақпан - шілде айлары аралығында ауланған 6492 тонна балықтың 5000 тоннасы өңделіп, 63%-ы, яғни 4059 тоннасы экспортталды.

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT