Аудандық орталықтандырылған кітапхананың (директоры Анар Мусина) жұмыс жоспарына сай, «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлке қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттау мақсатында Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ондаған кітаптардың авторы, ақын Таңатар Дәрелұлымен кездесу кеші өтті.
«Жайылған қазағыма бар атағы, Нұржаудың мақтанышы – Таңатары» атты ауылдық мәдениет үйінде болған тағылымы мол шараны ауылдық округ (әкімі Мұрабек Мұғалім), ауылдық мәдениет үйі (меңгеруші Вероника Құсайынова) мен Нұржау ауылдық кітапханасының (меңгерушісі Нұргүл Басығараева) ұйымдастырды. Ақын шығармашылығына арналған кеште залда бос орын болмады. Шараны жүргізуші Әсем Абуталиева кеш кейіпкері Таңатар Дәрелұлын жұбайы Зоя Қоңқашқызымен бірге құрметпен ортаға шақырған соң, мультимедия арқылы ақын өмірінен бейнесюжет көрсетілді.
Кеш барысында Таңатар Дәрелұлы мен жұбайы Зоя Қоңқашқызы оқырмандары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Округ әкімі Мұрабек Мұғалім, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар Мәдениет Харестегі, Жібек Қисымқызы, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Алғаязұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин, Нұржау жалпы орта мектебінің директоры міндетін уақытша атқарушы Нұргүл Сағадатқызы, «Гауһар» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Гүлбаршын Мұғалқызы сөйлеп, шабыттарыныңз шарықтай түссін, жаңа туындыларыңызбен қуанта беріңіздер деген ізгі тілектерін арнап, естелік сый-сияпаттарын жасап, Алғыс хаттарын табыстады. «Ой маржаны – кітап» тақырыбымен Таңатар Дәрелұлының қаламынан қалың оқырманға жол тартқан кітаптарына шолу жасалды. Нұржау орта мектебінің 10 және 9 сынып оқушылары Амина Нури мен Ақерке Өтеміс ақын ағамыз бен оның жұбайы Зоя апамыздың жарық көрген кітаптарын көпшілікке жақсы етіп таныстырып шықты. Сонымен қатар Нұржау ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған көркемсөз оқу үйірмесінің мүшелері ақынның өлеңдерін оқып, Ж.Нәрешов «Ауылым», Қ.Хасанов, А.Рахимова Т. Дәрелұлының «Асыл мекен – Құрманғазым», «Жан ана жарығымыз», «Теңіздің ерке сұлуы» әндерін орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Қорытындысында Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы ауданының Құрметті Таңатар Дәрелұлы уақыттарын бөліп келген қалың оқырманына алғысын айтып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ