Тағылымды тарлан еді

(0 Votes)

1942 жылы қазан айында 18 жасқа толысымен Исім өз еркімен туған жерін қорғауға тілек білдіріп, әскер қатарына алынды.

Сөйтіп, екі ай бойы саперлік курста дайындықтан өтіп, Воронеж бағытындағы № 329 гвардиялық дивизиясының саперлік ротасы сапында соғысқа кіріседі. Белгород қаласы маңындағы ауыр шайқас 2 ай мерзімге созылады. Бірақта рухы күшті Кеңес әскерлері немістердің тылын бұзып, соғыс құралдарын қолдарына түсіріп, жеңіске жетеді. Иә, біз айбынды жауынгер, ел құрметтеген ағамызды бұрында жақсы білсек, сонау 80 – ші жылдары бір шаруашылықта жұмыстас әрі дәмдес болдық.

Қарапайым, сөзге сараңдау, сыр шашуды ұнатпайтын, өте байсалды да салиалы азамат еді. Исекеңмен талай кездесіп жүрсек те майдандағы жылдары жайлы әңгіме қозғамайтын. Соған қарамастан зейнетке шыққан шағында ұзақ пікірлесудің сәті түсті. Сонда да соғыс жайлы айтуды жақтырмаған сыңай танытып, қалың папкаға жинақталған қағаздарды ұсынды.

- Мұндай сұрапыл кезеңді бастарыңа бермесін інім, мыңдаған, миллиондаған адамның өмірін жалмаған соғыс туралы еске алудың өзі жүрегіңді қинайды,- деп Исекең терең демалып, үнсіз қалды. Жылдар өтіп, сарғая бастаған құжаттардың өзі де сыр шертіп тұр екен.

- 1943 жылдың қазан айы, күн салқын, айнала тұманданып, ешнәрсе көрінбейді. Украина жеріндегі Степной елді мекенін жаудан тазарту жөнінде тапсырма алдық. Ауа-райына қарап жатқан ешкім жоқ. Қиян-кескі ұрыс басталып кетті. Зеңбіректердің гүрсілдеген дауысы, тұман ішінен жарқылдаған жарық құлақ тұндырады. Командирлер бізді сақтыққа шақырып, жіті қимылдауды бақылауға алған. Саперлерге жүктелген міндет көп. Түс ауа күн ашыла бастады. Соғыстың барысы үдей түсті. Екі жақ та алға жылжи алмай, аңдысып бағуда. Мүлт кетіп қателессең, ажал құшасың. Сондықтан нақты есеп, айла – әдіс қажет.

- Осылайша қыл үстінде бірнеше тәулік бойына бағысып, ақырында жолын тауып, немістерді ығыстыра бастадық,- деп еске алған еді Исекең.

- Бұл шайқастың соңы өте ауыр болды, бірқатар достарымыздан айрылдық, бірақта намысты қолдан бермедік.

Қатардағы жауынгер Исім Қойшиев осы бір алапат қайсарлығымен жауға қарсы табанды күрес жүргізіп, ерекше көзге түсті. Сөйтіп, айтарлықтай ерлігі үшін үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Карпат тауы, Бессарабия елі, Румыня, Венгрия жерлерін жаудан тазартуда Исім Қойшиев барлаушы, минақұрушы, жаудан тіл әкелу міндеттерін мүлтіксіз орындап, талай қиын-қыстау сәттерді бастан өткізді.

Бірде жау тылын бақылауға екі жауынгер кетіп, ажадан аман қағандары бар. Түннің іші, қалың орман. Артық қимыл жасауға, жөнсіз дыбыс шығаруға жағдай жоқ. Иықтарына ілінген ауыр автоматты сүйреп, сыбдырсыз жылжып келеді. Алдында қарайған неміс солдаты көрінді, әрі-бері жүріп, тың-тыңдайды, өзі де ірі тұлғалы, биік адам екен.

Не болғанда да әдіс-айла қолданбаса, әлі жетер- жетпесіне Исім сене қоймады., бірақ та тәуекелге бел байлап, артынан секіріп мініп, тамақтан ала түсті. Күш-қайраты мол ол да жанталасып жатып , пышағын алып үлгерген сияқты, саны шымырлап қоя берді. Бірақ Исім оған бой бермей кеуде тұстан соғып құлатып, тұншықтырып үлгерді. Есін жиып, айналасы тыныш екендігін байқаған батыл жігіт, қансыраған аяғын курткасын тіліп, байлап, алға ұмтылды. Таң білінбестен өзінің орталық штабына оралып, жаудың орналасқан жері, соғыс құрал -жабдықтары тағы басқа да мәліметтерді толық жеткізіп, әскери емханаға жөнелтілді.

Бұл уақытта сержант атағына ие болған, ержүрек жауынгер майдан даласына кері оралғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болып, бөлімше жетекшілігіне тағайындалды. Венгрияның елді мекендерінің бірінде орналасқан жау тылын бұзуда қарулас достары екі орыс жігіті мен Исім жанқиярлықпен күрес жүргізіп, рота жауынгерлеріне жеңіске жол ашып берді. Сөйтіп, 1945 жылдың сәуірінде «Ерлігі үшін», мамырда «Ұлы Отан соғысы » ордені, «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Бас қолбасшының грамоталарымен марапатталды.

Сөйтіп, қазақтың қайсар ұлы Исім Қойшиев жеңіс күнін Венгрияның астанасы Будапешт қаласында тойлады. Соғыс аяқталған соң екі жыл Украинада әскер қатарында тағы да азаматтық міндетін абыроймен атқарып, соғыс азабын шеккен бауырлас елдің бүлікшілік зардаптарын қалыпқа келтіру бағытында аянбай тер төкті. 1947 жылы мамыражай мамыр айында туған жерге төсін тигізіп, қуаныштан жүрегі тербелді. Қайратты да қайырымды жігіт бірден ауданның ішкі істер бөліміне қызметке орналасып, үзбестен он жыл бойына қырағылық күзетінде жемісті қызмет етті. Ер мінезді азамат бұл салада да қиын -қыстау сәттерді бастан өткізді. Қылмыстық істердің бетін ашу, бұзақыларды құрықтауда Исекең бірнеше рет алғырлық танытты.

Исім Қойшиев 1958 жылы өзінің ата кәсібі – мал шаруашылығына жұмысқа ауысты. Ол өз мамандығының білгірі еді. Жылдың қай мезгілінде малға қалай жағдай жасау керек екендігін өте жетік білетін. Тіпті мал дәрігерлік шараларды ешкімге жалынбай -ақ өзі атқаратын. Малды уақытылы егу, қан алу, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-домдарды жасай беретін-ді. 1975-1980 жылдар аралығында еңбек бәсекесінің жүлдегері атанып, «Бесжылдықтың және әр жылдың социалистік жарыс жеңімпазы» төс белгісімен марапатталды.

Исім Қойшыұлының соғыстан кейінгі жарты ғасырлық ғибратты өмірінің негізгі арқауына тіреу және сүйеу болған, арқалы азаматтың елге танылуын ақыл-парасатымен қолдаған сүйікті жары Шәмекқызы Апазия анамыз болатын. Дүниеге екі ұл, үш қыз әкелді.Шүкір, бүгінде перзенттерінен тараған ұрпақтары бір қауым ел болып отыр.

Жұмақай Ғұмаров,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT