Тағы бір вагон жалғанбақ

(1 Vote)

Тамыз - құрманғазылықтар үшін жағымды жаңалыққа толы айы болған. Соның бірі - 240 шақырымдық шұрық тесік жолда қалаға таксимен қатынаған тұрғындар үшін арнайы пойыз іске қосылып, жүру кестесі мен тұрақты бағасы бекітілген еді.

Бірақ "біткен іске сыншы көп" демекші, халықтың тарапынан түрлі уәждемелер де түсіп үлгерді. Яғни, билет кұны 300-ден 2 500 теңгені құраған "Атырау-Д.Нұрпейісова" аралығына қатынайтын темір тұлпарға мінуге орын табу қиындық туғызады. Аяқ-асты шаруаң шығып, қалаға бару керек болса, тоғыз жолдың торабындағы кассадан немесе арнайы сайттан сатып аларға билет таппай сандаласың. Кейін такси іздеп, көлік тұрағын шарлайсың. Ал ондағы жүргізушілер пойызға мінбеген жолаушыларды көрсе есіріп, ойға келген жолақыны айтатындықтары туралы аудан әкімінің телеграм чатында да, фейсбуктегі түрлі парақшаларға да жазылып жүр. Ондағы ақпарат көзіне сенсек, таксистер қарапайым халықтан қалаға жеткізу үшін 10 000 теңге сұраған. Осыған ызаланған жұрт жауапты органдарға орын алған келеңсіздіктерді реттейтініне үлкен үміт артып отыр.

Бұл тек біздің өңірдің ғана мәселесі емес. Осы тұрғыда көршілес Исатай ауданының тұрғыны Әлия Бекболсынқызы да өз пікірін қоса кетті. Оның айтуынша, пойыз шықса да қызығын әлі күнге көрмепті.

- "Атырау-Д.Нұрпейісова" бағытында жүретін жолаушылар пойызына құрманғазылықтар билетін бір апта немесе бір ай бұрын алып қояды екен. Электронды үкімет дамыған заман болса да, аяқ-асты шыққан шаруамызға билет таппай, қиналамыз. 3 вагонды жалғаған жүйрік көлікке Құрманғазыдан мінушілер саны көп те, бізге келгенде отыруға мүлде орын жоқ. Бұрынғыдай 500 теңгені жолсерікке беріп, сыйыса отыра кететін заман да қалды. Талап қатаң болғаны әрине жақсы, бірақ орынның шектеулілігі көңіл көншітпей тұр,-дейді Әлия Асқарова.

"Атырау - Д.Нұрпейісова" бағытында қатынайтын жолаушылар пойызының тасымалдаушысы "Otpan Logistics " ЖШС болып табылады. Осы серіктестіктің Маңғыстау учаскесі бойынша орынбасары Базарбай Жолдасов өзінің бір сөзінде, тұрғындар тарапынан ұсыныс түсер болса, вагон санын көбейтуге мүмкіндік қарастырылатынын тілге тиек еткен болатын. Сонымен қатар, сұранысқа байланысты жүру кестесіне де өзгерту енгізуге мүмкіндік бар екенін де жеткізген еді. Сол сөзін нақтыламаққа Базарбай Жолдасовқа хабарластық.

-Пойыз қолданысқа енген сәттен бастап, алғашқы рейспен өзім барып қайттым. Қаладан вагон толы адам мінді. Бірақ, 80 пайызы Құрманғазыдан түсті. Қайтарда да солай. Жол бойындағы Исатай, Аққыстау станцияларында тұрғындар орын жоқтығынан пойызға отыруға мүмкіндіктері болмады. Ал біз мердігер мекеме ретінде Атырау облыстық әкімдігіне қараймыз. Бізге басшылық 3 вагонға ғана тапсырма берген еді. Егер сұраныс көп болса,оны да қарастырамыз,-дейді пойызға жауапты мекеменің орынбасары. Оның берген мәліметінше, көз көрген мәселеге қатысты жаппай халық атынан облыстық әкімдікке сұраныс түскен. Кейін облыстық әкімдік пен "Otpan Logistics " ЖШС қосымша тағы бір вагон жалғауды ұйғарып, қолданысқа берді.

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521