Бірегей дарын, белгілі жазушы, драматург жерлесіміз Рахымжан Отарбаевсыз өткен күндерге 3 жыл толды.
Қошалақ бұл, ата-баба мекен ғой,
Еске түссең толқып-толқып кетем ғой.
Араладың бірге келіп ұлыңмен,
Сол келісің қоштасқаның екен ғой.
Ұлыңа айттың «тараймыз» деп «бұл шалдан»,
Жаздың ыстық айы еді күн тамған.
Естай баба мазарына тәу еттік,
Беу, дүние, бұл жалғанда кім қалған?
Қандай ойлар басыңа кеп қонды екен,
Ата-баба қонысы еді, ол мекен.
Білмедік ғой, не істер едік білгенде,
Қырға байтақ сол келісің соңғы екен.
Қысқа жақын, мезгілі еді күздің бұл,
Сәбит аға қайтқанына жүз күн-ді.
Тәу етпекші ең Қасымғали әкейге,
Су шайған жол, тартпай қайттік тізгінді.
Айнала аппақ, су толқиды сылдырап,
Үйреншікті жағдай бізде бұл бірақ.
Әке бейіті қимастықпен қарардай,
Сонау жақтан сағынғандай бұлдырап.
Күн ызғар ды, досты аядым «тоңды» деп,
Ниет түзу, тұрған едік оңды кеп.
Әкемізге сала алмадық топырақ,
Салу керек еді бізге соңғы рет.
Қасақамның «Майыр» деген тұрағы,
Кемпірімен мал бақты, өмір құрады.
Әрлі-берлі жүріп алды Рахымжан,
Тым ойлы еді, қойылмады сұрағы.
Асыр салған жері сірә, тегістік,
Балғын шақтың куәсі да жемісті.
Әрлі-берлі жүрді біраз сағаттар,
Өзіндей ұл сыйлаған жер келісті.
Іздегендей жанына бір табар ем,
Сен туған жер, есті ұлыңа бағалы ең.
«Осы үшін арпалыстым, біраз» деді,
Мектебіне барған кезде Гагарин.
Сырттай қарап, құрылысын сынады,
Көп сөйлемей, досым іштей тынады.
Өзі оқыған мектебінің жаңа үйі,
Бітпесе де, бітер түрі ұнады.
Тоқтайды деп кім ойлаған сол жүрек,
Қу алдамшы, тірлік неткен көлгір ед?
«Жеңсік ас» деп сары сазан астырып,
Төсегіме түнеп шықты соңғы рет.
Қалды артында аңыздай бір оңды ісі,
Қоштаспаған қайран досым, қол қысып.
Тыныс алған тебіренген теңіздей,
Қимас жанның қандай ауыр соңғысы.
Таңатар Дәрелұлы