Сонау тоқсаныншы жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі жарияланғаны әлі есімде. Ол кезде Одақ құрамындамыз. Теледидардан қазақстандық телеарналар көрсетпейді. Барлық жаңалықты мәскеулік бірінші каналдың «Время» телехабарынан тыңдаймын. Декларация жайлы алғаш рет осы арнадан естідім.
«Бүгін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғары Кеңесі егемендік туралы Декларация қабылдады», деп бастап, көп тоқталмай, қысқа хабар ретінде жылт еткізіп өтті. Ол кезде КСРО басшысы Михайл Горбачевтің халық арасында «қайта қыру» аталған қайта құру саясатын жүргізіп жатқан шағы. Өмір бірсарынды қалыптан өзгерген, алда не күтіп тұрғаны белгісіз кездер. Халық арасында ертеңгі күнге деген алаңдаушылық басым. Жұмысқа барсаң да, қонақтықта да еститінің: «Не болып барады?». Жұрттың бәрі саясаткер болып кеткен. Елде болып жатқан оқиғаларды отыра қалып талқылайды, түрлі болжам-бағдар айтады. Себебі, Одақтың Жоғары кеңесінде түрлі айтыс-тартыстар болады да жатады. Оны тікелей эфирден көрсетеді. Горбачевтің халық арасындағы беделі нөл! Шыны керек, «Времяны» және басқа хабарларды сол тартыстар үшін қарайтын едік. «Қайда кетіп барамыз?» деп уайымдайтынбыз. «Балық басынан шіриді», дегендей, КСРО-ның құрдымға кететінін ол кезде біле қойған жоқпыз. Бірақ, ештеңе тындырмайтын, елдің келешегі жайлы ойламайтын саясаткерлерден, нәтижесіз реформалардан шаршап кеттік.
Одақ тұсында, Қазақстанда не болып жатқанын жеткізетін ақпарат көзі – жергілікті газеттер. Сонымен, «Времяның» хабары көңілімізде әлдебір үміт отын жақты. «Сонда қалай, бөлек ел болайын деп жатырмыз ба?», деп ойладық. Бұл сұрақтың жауабы қатты қызықтырды. Оны үйге келетін газет-журналдардан табуға асықтық. Сол кезде ауданымызда теледидар қазақша білмегенімен, газеттер ана тілімізде сөйлейді ғой. Декларация қандай көлемде шыққаны есімде қалмапты, бірақ, территориялық тұтастығымыз қорғалатыны, өзіміздің заңдарымыз қабылданатыны, мемлекеттік бюджетіміз, рәміздеріміз болатыны болатыны, халықаралық қатынастарды Мәскеуге алаңдамай жеке орната алатынымыз айтылғанын білемін. Шыны керек, бұрын орталыққа бағынып, айтқанынан шықпайтын Алматының дербес үні естілгені қараңғы түнде төгілген Ай жарығындай әсер етті десем қателеспеспін. «Біз де ел екенбіз ғой. Басшыларымыз Мәскеуде емес, өзімізде отыр екен», деп іштей қуандым. Бәрін құрдымға жіберіп жатқан Одақ басшылығы ықса да, біз тал қармай алады екенбіз. Сол декларацияның арқасында жартасқа соғылған кемеден аман шығып, бөренеге жармасқан теңізшідей авторитарлық жүйемін бірге батып кетпедік. Көңілімізде Қазақстанның кемел болашағына деген сенім ұялатқан маңызды құжат – Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болды. Елдің келешегі Алматыда шешілетінін жақсы ұқтық. Мысал ретінде айтсам, 1991 жылы тамызда Мәскеуде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет билікті басып алып, әмірін жүргізе бастағанда шаруа қожалығын құрған бір жездем менен: «Енді не болады?», деп сұрады. «Алаңдамаңыз ештеңе өзгермейді. ТЖМК билігі бізге жүрмейді» дедім. Бұлай деу себебім, содан бір күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл осылай айтқан еді.
Декаларация қабылданып, егемен мемлекет ретінде дамуымызға серпін берген 25 қазан 1995 жылы – Республика күні ұлттық мерекесі болып жарияланып, алайда, 2009 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Өткен жылы бұл мерекенің ортамызға қайта оралғанына қуаныштымын. Мұны ортамызға оралту Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Кемелұлының көрегендігі деп санаймын. Себебі, ол Одақ тұсында қабылданған батыл құжат. Ұлттық мерекеміз жастардың отаншылдық рухын асқақтатып, егемен еліміздің өркениет көшін түзе беретініне сенімдімін.
Қанат ҒҰМАРОВ