Кеңес үкіметі ыдыраған соң, оған бодан болған мемлекеттер біртіндеп өз алдына ел болып, тәуелсіздігіне қол жеткізді.
Сондай жап-жас елдер арасында Қазақстан да бар. Бүгінде көсегеміз көгеріп, шекарамыз қағылып, әлем елдерінің егемендігімізді мойындағанына – 30 жыл. Сол бір жылдардан бері Қазақстанымыз соңғы тенденциядан алыстамай, үздіксіз даму үстінде. Мен де «өз елімнің болашағына үлесімді қоссам» деген азаматтардың бірімін. Студенттік жылдарымнан бері жас кеудемде «өз туған ауылымның медицинасының қарыштауына елеулі үлесімді қосамын» деген жалынды арманым болған. Өйткені, сол бір қиын-қыстау уақыттарда медицина саласы ақсап, өзекті проблемалардың бірі еді. Мақсаттың нақтылығынан болар, халқынан алғыс алған білікті маман атанғаныма да отыз үш жыл толып отыр.
Мен алғашқы еңбек жолымды Нұржау кеңшарынан бастадым. Ол заманда дәрігерлік-амбулаториялар жоқтың қасы, көп жерде фельдшерлік-акушерлік пункттер-етін. Кейін ауылдағы кеңшарларға келген дәрігерлердің саны артқан соң, біртіндеп дәрігерлік-амбулаториялар салынды. Десе де, жұмыс күшінің аздығынан кей ауылдарда фельдшерлер ғана еңбек етті. Бой көтерген мекемелердің материалдық жағдайы да көңіл көншітпейтін. Көмір жағып, су тасып, медициналық құралдардың да жетіспеушілігі байқалатын. Ал, еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін дамудың жаңа бағыттары жасақталып, бірінші қажеттіліктегі ақ халаттылардың жұмысын оңтайландыру үшін көптеген мүмкіндікке жол ашылды. Біз отырған мекеме толық жөндеуден өтіп, біртіндеп жаңа ғимараттардың құрылысы қолға алынды. 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстандағы денсаулық сақтауды дамыту мен қайта құрудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама тұтастай іске асырылмаса да, оны еліміздің медицина саласындағы бетбұрыс кезеңі деуге негіз бар. Өйкені,оның жемісі ретінде, бүгінде аудан бойынша 1 аурухана, 1 орталық емхана, 1 туберкулезді емдейтін аурухана , 14 дәрігерлік амбулатория, қыр бойынан 2 ауылдық аурухана, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт жұмыс істеуде. Елдегі тегін медициналық қызмет түрлері де анықталды. Ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрігерлік-демографиялық жағдайды жақсарту, әлеуметтік маңызы бар ауруларды төмендету сияқты тапсырмалармен бірге медициналық білімді қайта құру мен ұйымдастыру сияқты халықаралық қағидаларға негізделген мәселелер де қарастырылды. Кадр мәселесі де оңтайландырылып, жақсы жолға қойылды. Қазіргі таңда аудан бойынша 78 дәрігер еңбек етуде. Шетелдік мамандармен де тәжірибе алмасудың жаңаша серпіні беріліп, ақ халаттылардың біліктілігін арттыруға көптеп көңіл бөлінуде. Тұрғындарға да ыңғайлы жүйе жасақталып, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру іске қосылды. Емханалар мен ауруханалар халыққа бірден екі пакетте – бұрынғысынша еліміздің әрбір тұрғынына қолжетімді болып қала беретін тегін медициналық көмек кепілдігінің соңғы үлгісі және МӘМС-тің жаңа пакеті.
Дәрігер фтизиатор ретінде, көп жылдан бері өкпе ауруларын емдеп келемін. Өз салам бойынша айтар болсам, материалдық-техникалық базамыз нығайды. Жаңадан цифрлық рентген аппараттары алынып, диагноз қоюда бірқатар жеңілдіктер туды. УЗИ жабдықтары келіп, диагностикалық құралдар да қол жетімді болды. Сонымен қатар, қағазбасылықтан арылып, бекітілген жүйе арқылы қағазсыз медициналық жазбаға көшірілдік. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қағазсыз жұмыс процесін дамыту бағытында мобильді қосымшалардың біріңғай каталогі жасақталуда.
Дей тұрғанмен, жеткен жетістіктерге қанағаттанып қана отырмай, дамудың жаңа түрлерін ашып, біз өзге елден емес, олар бізден үйренетіндей, қазақстандық тәжірибені қолданатындай күнге жетуіміз қажет. Осы тұста, келер ұрпақтан, болашақ абзал жандардан күтер үміт көп. Ендігі он жылдығымыздағы тойымызда Қазақстанның медицинасы әлем елдерінен көш ілгері тұр деген жаңалықты естісек деген тілек бар. Елдігіміз ерен, егемендігіміз мәңгілік болсын, құрманғазылықтар!
Озат Әзербайұлы
Дәрігер фтизиатр