1986-жылдағы желтоқсаншылардың арманы орындалып, егемен ел болған күнімізді бүкіл Қазақстан ұлан-асыр 30 жылдан бері үзбей тойлап келеді.
Солардың бірі, Теңіз ауылдық округінде жалғасын тапты. Округ әкімі мен жанындағы мамандары, ауыл тұрғындарының басын қосқан "Тәуелсіздік - Тәңір сыйы" атты концерттік кеш ауылдық клубта өткізілді.
Шара барысында округ әкімі Қайсар Еркінұлы сөз алып, теңіздіктерді торқалы тойымызбен құттықтап, алар асулары мен бағындырар белесі көп болсын деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Осы сәтті пайдаланып, ауданның құрметті азаматы Ұзақбай Сапуанұлына "ҚР Тәуелсіздігіне - 30 жыл " төсбелгісін тақты.
Кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Абзалұлы мерекелік лебізін білдіріп, ауыл ардагерлеріне аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар, құттықтау сөз кезегін алған ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сəулеш Сатыбайқызы егемендік жылынан бергі ауылдың жетістігіне тоқталып, қилы заманның артта қалғанын тілге тиек етіп, бүгінде әр сәбидің күлкісі мен бір шаңырақтың қуанышына себепкер болып жүрген қайырымдылық топтарына ерекше ілтипатын жеткізді.
Алты алаштың айбынды әндерін Т.Әлімжанұлы, Н.Нухұлы, Қ.Қуандыққызы, Н.Ғизаттуллиндер, М.Болатбекқызы,Н.Бахытжан шырқап, "Айсамал" би тобының бүлдіршіндері мың бұрала би билеп, концерттік кештің көрдің қыздыра түсті. Оған қоса, округ әкімінің атынан әр саланың үздіктері белгіленген номинация бойынша марапатталды.
Қуаныш Зайыров