Аудан әкімі Қайрат Нұртаев орынбасары Жастілек Хасановпен бірге Орлы ауылдық округінде болып, осындағы Тәуелсіздік көшесіне тартылып жатқан көгілдір отын желісі құрылысымен танысты.
Округтің шығыс жағында орналасқан бұл көшеде соңғы жылдары жаңадан салынған үйлер саны көбеюіне байланысты оларды көгілдір отынмен қамту көптен бері күн тәртібінде жүрген мәселе еді. Бұл игілікті іс облыс әкімдігінің бастамасымен, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, сонымен қатар «Қазтрансгазаймақ» АҚ жергілікті филиалының басшысы Аманғали Сатановтың, «Каспий-Балық» ӨК атқарушы директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Жұмажан Шакуповтың және ауыл тұрғындарының қаржылай демеушілігімен жүзеге асуда. Көгілдір отын желісінің жалпы ұзындығы 400 метрге жуық. Біз барғанда бір трактор мен бірнеше адам бұл жұмыспен айналысып жатқанын көрдік. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы «Қазтрансгазаймақ» АҚ өкілдеріне жұмысты тезірек аяқтауды тапсырып, Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Зейнетоллаұлымен әңгімесінде:
– Бұл да бір сәті түскен шаруа болды. Енді сізде ауылішілік жолдар қалды. Алға қарай оны да қолға аламыз. Жобада салынып жатқан «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» асфальт жолының бұл тұсынан мал өткелін қалдыру қаралмаған. Екінші дәрежелі жол болғандықтан оның бойынан енді салдырта алмасақ та, арнайы белгілер қойып, үстінен мал айдап өтетін орын қарастырамыз, - деді.
Бізбен әңгімесінде ауыл тұрғыны, мемлекеттік қызметтің ардагері Исабай Рысқалиев:
– Тәуелсіздік көшесіне газ тарту туралы тұрғындар тарапынан ұсыныстар айтылғанымен күні бүгінге дейін шешілмеді. Себебі, инфрақұрылым жоқ, бас жоспарға кірмеген. Соған байланысты жағдайы тартатындар ғана көгілдір отынды өз күшімен үйіне кіргізген. Бұл көптен бері орындалмай келе жатқан арманымыз еді. 15-20 жыл бұрын мұнда он шақты үй болса, қазір жетпіске жуықтады. Әлі де салынуы мүмкін. Мұнда тұрған газдың бір жәшігі оларды толық қамти алмады. Сондықтан бұл мәселені жиналыс сайын көтеріп жүргенбіз. Қыс болса келіп қалды, биыл тағы да қалады-ау деп жергілікті халық алаңдап отырған. Бүгін орындалып жатыр, бұйырса кешікпей бітеді. Салқындық түспей тұрып ауыл тұрғындары көгілдір отынмен қамтылса, бұған қалай қуанбайсың? Осы жұмысты жүзеге асырып жатқан аудан әкімі Қайрат Талапұлына, орынбасары Жастілек Әдебиетұлына, «Қазтрансгазаймақ» АҚ аудандық филиалы басшысы Аманғали Аманжолұлына, жеке кәсіпкер Жұмажан Өмірзақұлына басқа да азаматтарға ауыл тұрғындары атынан үлкен ризашылығымды білдіремін, - деді.
Қанат ҒҰМАРОВ