Аудандық кітапханада «Тәуелсіз елімнің бақытын тербеткен, аналар» атты кездесу кеші өтті.
Құрманғазы ауылдық аналар кеңесі мен мәдениет үйі және орталық кітапхана мамандарының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға әр бөлімде түрлі қызметте еңбек етіп жатқан 30 нәзік жанды өкілдер қатысты. Онда мейірімі кең, жүрегі алтын, сөздері ем, жүзі жарқын асыл аналардың жалғасы болған, көп жыл балабақшада қызмет атқарған Самиға Садыққызы, пошта байланыс торабының газет-журнал тасушысы Айбарша Зинурқызы және тәуелсіздік құрдасы, М.Әуезов орта мектебінің ұстазы Ұлболсын Темірбекқызымен сыр-сұхбат жүргізілді. Олар өз дара жолындағы қызықтар мен қиындықтарын "Жарқын жүздесу" айдарында әңгімелеп берді. Кеш барысында, орталық кітапхананың кітапханашысы Әйгерім Жанболатқызы «Тәуелсіздік – еркіндігім, теңдігім» тақырыбында арнайы презентация дайындап, ата-баба ерлігі мен халық мұрасына шолу жасады.
Өнегеге толы жиында алғысөз алған Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Муса Абдурахман барша аналарды егемендіктің торқалы тойымен құттықтап, оларға өзінің және аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызының атынан алғыс хат табыстады. Ал, «Ақтілек» әжелер ансамблі жетекшісі Ырысты Нәжімова мен сырнайда сүймелдеген Есеңғұл Сатыпұлы «Ауылым» әнін орындап, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән салып, шараның көркін арттырды.
Жайдарлым Еркебұланқызы