Тәртіп сақшылары династиясы

(0 Votes)

Ұрпақ сабақтастығы жалғасқан әулетте мамандық таңдаудағы бірізділік баланың санасына сәби кезден орнықтырылады.

Ондай отбасыды өскен ұрпақ бала күннен-ақ болашағын ата-ананың жолымен жалғастырғанды қалайды. Бұған дәлел Мирасовтар полицейлер династиясын айтуға болады.

Тәртіп сақшылары династиясының іргесін қалаған адам ретінде ішкі істер органдарының ардагері, полиция полковнигі Асхат Максимұлы Мирасовты мақтанышпен айтуға болады. Ол ұзақ жыл қылмыстарды ашу, дәлелдерді толық жинақтау, күдіктілерді анықтау мен жедел әрекет ету, әрі істі әділ табандылықпен жүргізуде өз өмірін тергеу саласына арнаған білікті маман. Құқық қорғау, тәртіп сақтау саласындағы қызметіне жанұясы түсіністікпен қарада. Зайыбы Шарипа азаматының ауыр да жауапты қызметіне септесіп, отбасы тірлігін, ұрпақ тәрбиесін ауырсынбай атқара білді. Отағасы да бос уақытында жанұядағы бір ұл, екі қызды қадағалап отырды. Осындай ұлағатты отбасында тәрбиеленген ұрпақ жақсы тәлім түйіп өсті. Әдетте әкеге қыз бала жақын болады ғой, қашанда темірдей тәртіпті қалайтын оның жолын осы екі қызы – Гүлнұр мен Айгүл жалғады.

Басында Гүлнұрының бұл қадамын іштей құптай қоймаса да талабына тұсау болғысы келмеді. Сонау 2005 жылдан бері құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Жастайынан әкесінен дарыған намысшылдығы мен ержүрек қасиеті Гүлнұрды да осы салаға алып келген болатын. Өйткені, Гүлнұрды бала кезінде әкесі өзімен бірге жұмысқа алып барып, қызметтерінің қандай екендігін, қалай өтетіндігін өз көзімен көрсетіп еді. Әкесінің тергеуші болып, қылмыстық істер бойынша түсінік беретін, жәбір көрген тұлғаларға заң және моральдық тұрғыда көмек беріп, оларды құқықтарын қорғау мен куәлерді жауаптау ерекшеліктерін, қылмыс жасаған тұлғаның кінәсіздік презумциясын, бұдан басқа қылмыстардың уақытылы ашып, сапалы тергеу жүргізу ісіне өзі де куә болды. Сымдай тартылған әскери формалы әке бейнесі бала арманынына ұшқын болғаны анық.

- Әкем құқық қорғау саласында ұзақ уақыт бойына мінсіз қызмет атқарған тергеу саласының зейнеткері. Бала күннен форма киген әкемді көріп, мен де оның жолын қуып, полиция қызметкері боламын дедім. Қазіргі таңда сол бала күнгі арманым орындалды. Осындай жауапты да қиын қызметке келуіме әкеммен, менің табандылық әрі қайсар мінезім себепкер болды. Менен бөлек, туған сіңілім де Ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Біздің үйдегі басты ұстаным қашанда – халыққа адал қызмет ету болды. Бізден кейін де ұрпақтарымыз полиция әулеті сабақтастығын жалғастырады деп үміттенемін. Өйткені дәл осы полиция қызметі бәріміздің арамыздағы қарым-қатынасты одан әрмен тығыз байланыстырды, - дейді аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Гүлнұр Асхатқызы.

Иә, одан кейін де әкесі мен апасына еліктеген Айгүл да тәртіп сақшысы қатарынан табылды. Ол да бұл күнде Ішкі істер саласында 15 жылдық тәжірибесі бар үлгілі маман. Әрбір ойын ілтипатпен әспеттей білетн\ін Айгүл де алдындағы апасы сияқты бала кезден әкесіне қарап үлгі алумен полицей болуды армандап өсті. Кейін Абай атындағы орта мектепті бітіріп, болашаққа таңдау түскен сәтте ойланбастан осы жолды қалады. Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына түсіп, 4 жылдық курсанттық кезеңді ойдағыдай аяқтады. Содан бері ішкі істер органынының ыстығы мен суығына төзіп, антына адал болып келеді. Қызмет барысында өміріне азық болар терең білім мен тәжірибені серігіне айналдыра жүріп, ол түрлі қилы қиындықтарға да төтеп берді. Оның үстіне полиция қызметін бала күннен көріп өскендіктен бе оған құқық бұзушылыққа қарсы тұру еш қиындық келтірмеді.

Бүгінде полиция майоры Айгүл Асхатқызы аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарады. Жауапты салада қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда абыройлы еңбектеніп жүр. Өмірлік серігі Асқар Русланұлы Ұзағалиев та аға учаскелік полиция инспекторы, майор шенінде қызмет атқарады.

Отбасы – шағын мемлекеттің іргесін биік қалап, шаңырақты шаттықтың ұясына айналдырған жас отбасы бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отырған жайлары бар. Асқар тау әкелерінің жолымен тәртіп сақшысы династиясын лайықты жалғастырып отырған апалыс-сіңлілі қос аруға жемісті еңбек тілейміз. Олардың абыройлы қызметтері елінің болашағын ойлаған жастарға үлгі болары анық.

Зарина ЗАБИХОВА, ҚР Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT