Жуырда орын алған Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек қолын біздің ауданның тұрғындары да созды.
Аудан орталығының жекеменшік «Газель» автокөлігі бар Елемесов Самат, Синеғалиев Райымбек, Ғинаятов Мұратбек және басқа азаматтар осы апатты жағдайды ести сала бір-бірімен ақылдасып, қашықтағы бауырларға жәрдемдесу мақсатында ауыл әкімі Абдуррахман Мусамен ақылдасып, қолдау тапты. Сөйтіп, 4 «Газель» автокөлігін орталық базарға қойып, жағдайды ауыл тұрғындарына түсіндіре бастады. Сол-ақ екен, жесірін жылатпаған, жетімін қолдаған қайран қазақ лек-легімен келіп, киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік, ыдыс-аяқ, сабын, тағы басқа заттарды әкеле бастады. Біздің байқағанымыз: қарапайым халық, зейнеткерлер де 5, 10 келілік қант, кеспе, күріштер біреулеп емес, 2-3-леп әкелуі. Солардың біреуінен аты-жөнін сұрағанымызда: -Ой, мені не қыласыздар,-деп Рәуиля Жантемірова екенін әзер айтты. Осындай кең жүректі, жомарт жандарға ризашылығымыз шексіз. Сіздер барда еліміз тыныш, бірлігіміз бекем боларына сенімдіміз.
Бұл орайда «Газель» автокөлігіне тегін жанармай бөлген жеке кәсіпкер Ризабек Жаудинге, киім-кешек, азық-түлік алуға деп 450,0 мыңдай қаржы жинаған ауыл тұрғындарына, таксишілерге мың алғыс.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»-дегендей бірлігіміз бекем болса, әлі талай қиындықтарды жеңіп, биік белестерді бағындыра аламыз.
Бірлік бар жерде – тірлік бар.
А.Ғұмаров