Төрт балалы анаға үй сыйлады

(0 Votes)
"Харекет" қоры үй сыйлады

«Харекет» қайырымдылық қоры еліміз бойынша үйсіз-күйсіз жандарды қамқорлап, халықтың алғысына бөленіп жүр.

Қор күні бүгінге дейін 809 отбасына баспана алып берген. Енді міне, ауданымызда тағы бір отбасын қуанышқа кенелтті. Бұған дейін пәтер жалдап, қиындық көріп жүрген, жалғыз басты, көп балалы ана Гүлханым Бекжановаға сыңғырлаған төрт бөлмелі 9 миллионның пәтерін сыйға тартты. Баспананың профлистімен қоршалған, көлік кіретін қақпа салынған кең ауласы, ішінде цементтеп жасалған жаяу жүргінші жолы, жеміс ағаштары жайқалған кең ауласы бар. Балапанын ерткен қаздай, аяғына оралған үш кішкентайын қасына ілестіріп, біреуін қолына көтерген, көзіне жас алған ананы жақын туыстары шашу шашып, аудан өнерпаздарының орындауындағы әнмен қарсылады. Көзіндегі қуаныштың жасы шығар, енді ол пәтер жалдап, көшіп жүрмейді. Оған төлейтін ақшасын, балаларының қажетіне жұмсайды.

a

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса құттықтау сөз сөйлеп:

– Бүгін міне төрт бірдей баласымен пәтер жалдап, тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген жалғыз басты жас ана үлкен қуанышқа кенелді. Оны жүзеге асырған азаматтар олардың қиындықтан құтылуына үлкен септігін тигізіп жатыр. Жалпы «Харекет» қайырымдылық қоры республикамызда мыңдаған адамдардың баспаналы болуына, тұрмыстарының жақсаруына көмектесуде. Ал, ауданымыздағы сауапты жұмыстарына келсек, бұл осымен он бесінші пәтер, оны Құрманғазы ауылдық округінің тұрғынына табыс етіп отыр. Бір-бірімізге осылай қамқорлық жасап жанашыр болайық. Біз әуелден жетімімізді жылатпаған, жесірімізді қаңғыртпаған елміз. «Харекеттің», әрекеттің арқасында осындай берекетке жетіп жатырмыз, – деп баспананың ішіне құт-береке дарысын, бақытты ана бол деген ізгі тілегін арнады.

«Харекет» қайырымдылық қорының Атырау облысы бойынша басшысы Жанарыс Сырымұлы:

– Осы пәтерді әперуге атсалысып жатқан еріктілерге Алла разы болсын! Алла Тағала бір қиындықтың артынан бір қуанышы бар деген ғой. Қуанышты күндер көбейе берсін. Игілігін көріңіз! Балаларыңыз аман-есен өсіп кетсін! Бұл барша азаматтардың ортақ ісі. Халықтың арқасы! Қорға 100 теңгеден қосса да көптің күшімен бір пәтерге ақша жиналады,– дей келе, жас ананы жаңа баспанасымен құттықтады. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, үй алып жатқан Гүлханым Бекжанованың атынан әжесі Зәуреш Рахметова сөйлеп, «Харекет» қайырымдылық қорына, барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Басқа да туыстары осындай ізгі тілегін жолдады.

Соңында барлық қатысушылар үй ішіне әзірленген дастарханнан дәм татты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521