Түрмеге қамалғаныма тәубе еттім

(0 Votes)

Дін – кез келген қоғамның ажырамас бөлігі.

Жүрегі бар жұмыр бастының бір Жаратушының барына сенері хақ. Бұл орайда қазақ жұрты ата-бабаларымыз ұстанған Әбу Ханифа мәзһабынан алыстамай, Исламның таза, асыл, ақиқат жолын ұстанады. Десе де, мұсылмандардың тыныштығына және ауызбіршілігіне сы-зат түсіргісі келетін деструктивті, радикалды мақсаттағы жандардың бары тағы рас. Елімізде осы діни экстремистермен күресудің қиындығы неде? Қанша қазақстандық діни көзқарасы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды? Жалпы, жат дінге өтіп кетудің түрлі жолдары көп. Жастар мен тәжірибесі жоқ азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы таратылатын жалған насихаттарға еріп кетеді. Артынан өз ісіне өкініп, тәубеге келіп жатқан тағдыр иелері көп. Солардың бірі - Ақкөл ауылының тұрғыны Дархан Өтегенов (есімі өзгертіліп алынды). Діни эк-стремизмді насихаттағаны үшін айыпталып, 6 жылға бас бостандығынан айрылған ол 2019 жылдың ақпан айында бостандыққа шықты. Бүгінде өз ата-анасымен, бауырларымен қайта қауышқан Дархан жастардың теріс ағымның жетегінде адаспауы үшін діни білімді мешіт пен теологтардан алу керектігін айтады. Енді басынан өткен жағдайларды кейіпкеріміздің өзіне қаз-қалпында баяндауға кезек бердік.

-Менің бала кезімнен мінезім өте ауыр болды. Ешкімнің маған қарап сөйлегенін, ескерту жасағанын көтере алмайтынмын. Оған қоса, бір басыма жететін тентектігім тағы бар. Соның кесірінен 10 сыныпты оқып жүрген кезде мұғалімді сабап, мектептен қуылдым. Одан әрі, дінге деген қызығушылығым оянып, өз бетімше ислам жайлы уағыздар тыңдай бастадым. Уақыт өте келе намаз оқығым келді. Сөйтіп, ауылдағы "жол көрсетуші" намазхан бауырларыммен байланыстым. Бірақ, олар менің сенімімді түбегейлі өзгертуге тырысты. Намазхандардың айтқан уәждеріне бірден иландым. Айтқандарының бәрі дұрыс сияқты көрінетін. Мешіттегі имамдардың оқып жүрген намаздары дұрыс емес дегенді де санама құйды. Олар өздерінің оқылу тәртібін үйретті. Өздерінің ұстаздарынан (Д.Мубаров, А.Абдужаппаров, Надир Абу-Холид және т.б.) уағыз тыңдауға үгіт-теді. Мен де оған бірден келісімімді бердім. Осылайша олардың әңгімелері, үгіт насихаттары сәләфизм бағытына түсуіме әсер етті. Сөйтіп, намаз оқымайтын ата-анама деген көзқарасым күн санап өзгеріп бара жатты. Маңайымдағыларға да басқаша қарайтын болдым. Олардың барлығы адасып жүрген пенделердей көрінді. Біздің қатарымыз өзім сияқты жас жігіттермен толықты. Діннің дұрысы осы деп ойладық. Бір жағынан, исламды енді тани бастағаныңда кез-келген ақпаратты тез қабылдауға бейім тұрасың ғой. Әрі діни сауатымыз да аз болды. "Ислам жолы - жихадқа шығу парыз" екенін айтқан ұстаздарымыздың сөздерін біз де қостадық. Сирияға барып, шаһид болу арманымыз болды, оған жетуге асығып, аңсарымыз ауды. Сол кездері, қадағалау органдары ұстанған бағытымның қате екенін айтып, бірнеше рет ескертті. Алайда, ұстанымымнан, өзімнің діттеген мақсатымнан қайтпадым.

Көп ұзамай ҰҚК-нің ауданымыздағы қызметкерлері бізді заңсыздық үстінде қолға түсіріп, үстімізден үлкен қылмыстық іс қозғады. Одан әрі темір торға қамалдым. Алғашқы жылымды Атырауда, қалған мерзімімді Павлодар қаласында өтедім. Абақтыда отырып, түрлі адамдармен таныстым. Торыққан күндерім көп болды, өткенді ой елегінен өткізіп, өкінген сәттерім үшін қатты қиналдым. Осылай ұсталмасам, қазір Сирияда жүрер ме едім деп те ойландым. Ол жақтағы жағдайды да естіп-біліп, осылай түрмеге қамалғаныма тәубе еттім. Өз басым түрм-ден шыққаннан кейін өмірге қайта келгендеймін. Өзіңнің мінезіңді, іс-әрекеттеріңді дұрыстап бақытты өмір сүруге болатынына сенемін. Бүгінде Ислам дінінің озбырлыққа қарсы екеніне әбден көзім жетті. Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес, террорист болуы мүмкін емес. Өйткені Қасиетті Құранда «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның сауабын алады, кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзала» сүресі, 7-8 аяттар) деген қағида бар.

Егер сен тозаңның салмағындай теріс іс жасасаң, соған жауап бересің дегенді білдіреді. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар. Мен қазір қарапайым мұсылманмын. Бес уақыт намазымды оқимын. Сирияға барудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Ол жаққа барғандардың өздігінен тірі қайта алмайтынына куәміз. Жәннаттың есігін ашам деп жат жерде қару ұстап, шаһит болуды аңсап жүрген жастарға уақытында туған елдің қадірін түсінуге, Отанымызды сүюге, қателікке ұрынбауға шақырамын. Қазір анашымның қасындамын. Алда жоспарларым өте көп, зая кетірген уақытымды қалпына келтіруге тырысудамын. Өмірде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінгендіктен, енді жамандыққа жоламаймын деген ойдамын. Дінге жаңадан бет бұрушы жастарға өз тәжірибемнен түйгенім, білімді - мешіттен, имамдардан алу керек. Елімізде саған ешкім намаз оқыма, дінді ұстанба демейді. Оған толық еркіндік берілген. Соның қадірін түсінуіміз керек, - деп сөзін түйіндеді Дархан.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» - дейді дана халқымыз. Қазіргі таңда адасып жатқан адамдарды жиі кездестіреміз. Олардың кейбірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз сияқты қара ниет, теріс ойлының жетегінде кеткендердің құрбанына айналады. Ендігі біздің бар тілегіміз, қаракөз қандастарымыз орын алған осындай оқиғалардан сабақ алып, тұманданған санасына өзгеріс енгізіп, санын соғып қалмаса екен дейміз.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT