Тұрғындардың ұсыныстары назарда ұсталады

(0 Votes)

Алдағы сайлауға байланысты өтіп жатқан үгіт-насихат жұмыстарының барысы жөнінде газет тілшісінің "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевпен сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Өмірболат Өтегенұлы  алдымен атқарылып жатқан үгіт-насихат жұмыстары жайлы айтып өтсеңіз.

– «Nur Otan» партиясы орталық аппараты  әрбір  аудандық филиалдың  алдымыздағы өтетін сайлауға байланысты атқарылатын сайлауалды дайындық жұмыстарына әдейі жасақталған желілік кестесіні  бекітті. Сол кесте бойынша сайлауалды істелетін жұмыстардың  80 күндік іс-шаралары бар. Ол 21 қазаннан бастап  2021 жылдың 8 қаңтары аралығында өтеді. Бізде, аудан бойынша желілік кестеде бекітілген 178 шара болды. Үгіт-насихат жұмыстары 11 желтоқсаннан басталды. Оған дейін кандидаттар   тіркелді. Кандидаттармен  үгіт-насихат жұмыстарын бастағанға дейін, 21 қазанда  оған алдын ала дайындық  жүргізілді. Әрбір округтердегі, мекемелердегі бастауыш партия ұйымдарында өтетін шаралардың барлығын жасақтап,  желілік кестеге енгіздік. Сол бойынша атқарып отырмыз. Күні бүгін, үгіт-насихат жұмыстары  басталғанын қоса есептегенде, ауданда  21 қазаннан бері  аталған 178 шараның 131-і өтті. Бұл жалпы шараның 73,5%-ы.

Енді  үгіт-насихат жұмыстарына не кіретініне келсек, ол әрбір үміткердің немесе кандидаттың бөлінген кесте бойынша тұрғындармен кездесуі. Одан басқа канвассинг өткізуі, яғни ауылдағы  қариялардың үйіне барып, хал-жағдайын білуі, партияның  2021-2025 жылға арналған сайлауалды бағдарламасымен, істеп жатқан жұмыстарымен таныстыруы. Одан басқа көшеде тұрғындармен кездесу, яғни экспронт кездесу, кездейсоқ, жоспарсыз келе жатып адамдарға  үгіт-насихат құралдарын таратып, таныстырып, партияның басты жетістіктерін, осыған дейін атқарған жұмыстарын айту, шағын кітапшалар тарату. Бұдан басқа онлайн түрде, ZООМ немесе «Facebook» желісі арқылы бірнеше үміткердің  бірігіп, бір мекеме болмаса ауыл тұрғындарымен кездесулері. Сонымен қатар партияның және өздерінің жұмыстарын жарнамалау, сайлауға қатысуға шақыру. Осындай үлкен шаралар өтіп жатыр. Күні бүгін үгіт-насихат жұмыстарының бағыты жаман емес. Қазақстан Республикасы Мәжілісі депутаттығынан үміткер  ретінде ұсынылған азаматтарымыз Дүйсенбай Тұрғанов, Толқын Бейісқали,  Сәлімжан Нақпаев, облыстық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Абдолла Ідірісов, Мақсат Абуов  аудан тұрғындарымен, кәсіпкерлермен, іскер жастармен, еңбек ардагерлерімен  кездесті. Кандидаттар кездескен жерде халықтың ұсыныс-пікірлерін жазып алды. Оларды назарда ұстап, облыстық штабқа жіберіп отырмыз.

– Округтердің сайлауалды көрнекіліктермен қамтылуы қандай деңгейде?

– 19 округте аудан әкімінің шешімімен әрқайсысына үгіт-насихат құралдарын, тарататын қағаздарды жапсыратын орын белгіленген. Соған байланысты ауданда оларды тарату үшін «Jas Otan» мүшелерінен белсенді 78 адамды тағайындадық. Негізінен алғанда үгіт-насихат жұмыстары үш толқыннан тұрады. Бірінші толқыны 10 күн. Сол он күндікте келіп түскен үгіт-насихат құралдары түгел  100 % таратылды, жапсыратыны жапсарылды. Екінші толқын 20 күн. Оның да материалдары келіп түсті. Мұнда Мәжілістің депутаттығынан үміткерлердің   өздерінің суреттерімен, сайлауалды бағдарламарымен шыққан  плакаттар бар. Оларды да көрнекілік  тақталарына ілдік. Сондай-ақ партияның жақында өткен ХХ съезінде қабылданған 2021-2025 жылғы арналған сайлауалды бағдарламасынан  алынған нақты атқарылатын жұмыстары енген кішкене кітапшалар да таратылуда. Үшінші толқынның көрнекілік құралдары келесі аптада жетеді, күтіп жүрміз. Онда облыстық немесе аудандық мәслихаттың депутаттығынан үміткерлердің суреттері мен сайлауалды бағдарламалары енгізілетін болады.

–  Әлеуметтік  желіде бұл жұмыс қалай ұйымдастырылуда?

– Әрбір кандидат өздерінің атқарған жұмыстарын «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында жариялап, партияның  облыстық, аудандық филалдарымен бөлісіп жүр.  Олардың атқарған жұмыстарының бәріне де баға беру ережесі бар. Сол арқылы аудандық қоғамдық штабтың құрамы мүшелері желілік кестеден алып, орындағанын көрсетіп, облыстық штабқа жібереміз. Облыстық штаб орталық аппаратқа береді. Орталық аппаратта партияның әрбір ауданға бөлінген кураторлары отыр. Ертең сайлау қорытындысымен «Nur Otan» партиясы жеңіп шыққан жағдайда, әрқайсысына партия бюросында мынау бірінші, анау екінші орын алды деген рейтинг беріледі.

– Әңгімеңізге рахмет! Алдағы  сайлауда жеңіс тілеймін!

Қанат ҒҰМАРОВ  

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Құрманғазы ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT