Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстарына орай тұрғындардың түсінбеушілігін тудырған жайт кешелі-бері әлеуметтік желіні кезіп кетті.
Негізінде бұл жұмыстар бұрынырақта қолға алынуы керек болатын. 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасында орнатылуға тиісті шекара белгісі түрлі себептермен орындалмай қалып, қазір ғана қолға алынып жатыр. Демек, бұл екі елдің өзара келісіп, шешіліп қойған мәселе. Одан үлкен дау шығарып, іліп әкетудің қажеті жоқ.
Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған аудан әкімі М.Мурзиев округтермен танысу мақсатында осы Көптоғай ауылында болғанында Құрманғазы шекара бөлімінің бастығы, майор Ю.Гафаров қоршау орнатылатын жерді көрсеткені газетімізде жазылды. Алайда, ауыл тұрғындары мал жайылатын өрістің тарылып кетуіне байланысты реніштерін айтуда. Бірақ бұл екі жақты келісімге орай орындалуы тиісті іс. Сондықтан да көптоғайлықтардың түсіністікпен қарағандары дұрыс. Тұрғындардың өкпе-реніші орынсыз, қазіргідей жер мәселесі өткір тұрғанда отқа май құятындардың әрекеттеріне ілеспеген абзал. Ежелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас көрші елмен ара қатынасқа сызат түспесін.
А.НӘЖІМОВ, «Серпер» газетінің тілшісі