Депутаттар күніне орай Ғизат Әліпов ауылындағы Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектепте қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдауға Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Әзімов, мектеп директоры Мейрамгүл Теңелбаева қатысты.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов:
– Жылда бір өтетін жоспарлы шарамыз. Былтыр індетке байланысты келе алмадық. Мақсатымыз сіздермен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді, шешімін күткен мәселелерді тыңдау. Жиі көтеріліп жүрген мәселе – жол құрылысын жаңа көріп келдік. Тапсырыс беруші бөлім 20 айда аяқталуы керек дейді. Індетке байланысты бітуі ұзап кетті. Соңғы кезде құрылыс материалдарына баға да көтерілді. Сол себепті кейбір жобалардың бөлінген қаражаттарын қайта қарап жатырмыз, - деп жолдың бақылауда ұсталатынын, биыл каналдарды тереңдету жұмыстары жасалатынын, ауылда медпункт салу жобада барын, клубтың ЖСҚ жасақталуда екенін, кітапхана мәселесі шешілетінін жеткізді.
Ауыл тұрғыны Қожантай Шайхимов:
– Суды бір сағат жібереді. Соны 2 сағат етсе дейміз. Ауылішілік жазғы су құбыры керек. Егін салмасақ та, жасыл желекті қуратпай ұстап қалғымыз келеді. Жол бітсе көптеген азаматтар ауылға оралғанды қалайды, - деп, жарықтандыру, каналдарды тереңдету жайын қозғады. Қатысып отырған Ерғанат Аркадиев, Қолғанат Ишанғалиев сынды жігіттер жастарға қатысты мәселелерді көтеріп, балалар ойын алаңы, мәдениет үйі қажеттігін, интернет баяу екендігін алға тартты. Айтуларынша кітапхана мектептің ішінде болғандықтан індет кезінде кітап оқу да мүмкін болмаған. Басқа да мәселелерді көтерген жастар бәрі сөз жүзінде қалмайтынына, жаңа Қазақстанда жағдайлары түзеледі деген үмітте екендерін жеткізді. Аудандық мәслихаттың депутаты Бержан Кенжебаевтың жарық тартуды жолға қойғалы отырғандарын айтқанына ауыл тұрғындары қол соғып қошемет білдірді. Бірқатар сұрақтарға округ әкімі Оралбай Әзімов жауап қайтарды. Қабылдауды аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов қорытындылап, ұсыныс-пікірлер бойынша іс-шаралар жасалатынын қаперге берді.
Қанат Ғұмаров