Тұрғындар мәселесі ашық айтылды

(0 Votes)

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Нұртаев өзінің орынбасарлары және барлық бөлім басшыларымен аудан тұрғындарына арнап «Ашық есік» күнін өткізді.

Алдымен келушілер әр салаға қатысты өздерінің толғандырған түйткілдерін бөлім басшыларына қойып, соңынан аудан әкімі Қайрат Талапұлы көтерілген мәселелерді қайтадан пысықтады. Қабылдауда болған 90 жасқа келген ардагер ұстаз Мырзан Сапарова Бұзаусылан ауылында 1 аптадан бері ауыз судың жоқтығын айтып, өзінің ұлына жұмыс тауып беруді сұрады. Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім бүгінгі таңда су орталықтан берілгендіктен оның қысымының төмендігінен Жапырық, Бұзаусылан сияқты ауылдарға жетпей отырғанын, 1 мамырдан бастап бұл мәселені шешуге тырысатынын жеткізді.

Мәселен, түске дейін тазартылған ауыз су Бұзаусыланға, кешке Жапырыққа жіберілетінін айтты. Орлы ауылдық округінің тұрғыны Талапқали Мырзағалиев Азғыр полигонынан зардап шеккен баласын осы уақытқа дейін мүгедектік топқа шығара алмай келетінін, оған ешқандай әлеуметтік көмек алмайтынын алға тартып, апаттық жағдайдағы үйіне шатыр орнатып беруді өтінді. Аудан әкімі бірінші мәселе бойынша дүйсенбі күні аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне келіп, басшысымен сөйлестіретініне уәде берді. Ал тұрғын үйін алдағы уақытта ауылдық округтерді аралағанда оның жағдайын арнайы барып көретінін айтты.

Теңіз ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалық иесі Теміртас Сұлтанғалиев егін салуға жерден қиындық көріп келетінін, бұл мәселе бойынша талай басшылардың есігін тоздырғанын жеткізді. Ауылда басқа кәсіпкерлердің сатып алған жерлері бірнеше жылдан бері бос жатқанын, ешқандай пайдаға асырмағанын айтты. Қайрат Талапұлы бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрып, бос жатқан жерлер тексерілетінін, әруақытта отандық өнімді өндіремін деген адамды қолдайтынын алға тартты. Көпбалалы ана Ғафура Самиғолла 10 жылдан бері пәтер жалдап келетінін, кезекте 69-шы болып тұрғандықтан салынып біте келген 60 пәтерлік тұрғын үйге кіруге қандай мүмкіншілігі барын сұрады. Аудандық тұрғын үй –коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Ажығалиев тұрғын үй кезегінің заңға сәйкес ережелерін түсіндірді. Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Фарида Тілеуленова бірнеше жылдан бері қоғамдық қызметте жұмыс жасайтынын тілге тиек етіп, мамандығы бойынша жұмысқа тұрғысы келетінін айтса, Орлы ауылдық округінің тұрғыны, жалғызбасты ана Қансұлу Сағызова қант диабеті дертімен ауыратындықтан, емін алуға қаржылай көмек беруді өтінді. Жапырық ауылының тұрғындары Ш.Камалова, М.Ізбасова, А.Мусаева, К.Дүйсенова ауыз судан қиындық көргендіктен аулаларындағы тал-теректері өспей жатқаны жөнінде ауылдастарының ортақ мұңымен бөліссе, Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны В.Латышов Юсупов көшесіндегі септик мәселесін қозғады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT