Құрманғазы аулының тұрғыны Шайхатолла Жәлеловтің күрделі жөндеуі бірер жылға ұласып кеткен үш орта мектеп бойынша жасалған жұмыстардың қазіргі жағдайы, тұрғын үйлер салуға бөлінген «Шипажай», «Болашақ» ықшамаударына жүргізілген инфрақұрылымда кәріз жүйесі қарастырылмағандығы туралы сұрағына аудан әкімі Манаев, Алтынсарин атындағы орта мектептерде жөндеу аяқталғанын, ал Нұржау орта мектебінде ішкі, сыртқы абаттандыру жұмыстары қалғанын, алайда бұл білім беру мекемелерінде сабақ, тәрбие беру процестері өз деңгейінде жүруде екенін, кәріз жүйесі аудан орталығында да жоқтығын, облыстық құрылыс басқармасы бойынша жоба жасақталып жатқанын, сараптамадан өткен соң жалпы қолға алынатынын айтты.
Байда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Яков Ысмағұлов кейбір өзектердің арнасы бітеліп қалуы, малдың жүн-терісін өткізетін орынның жоқтығы сияқты екі өзекті мәселені сөз етті. «Каспий-Балық» ӨК төрағасы Жұмажан Шакупов биылғы ауа-райының қолайлылығына орай балық аулауға рұқсат алуды тезірек шешіп, Ресейдегідей ақпан айының 20-сынан қалмай бастап кетсек деген сауалына, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Дүйсалиев 15 ақпанға дейін лимит бөлу шешіліп, аталған мерзімде айдынға шығып кету мүмкіндіктері барын жеткізді.
Сондай-ақ, жиында аға буын ардагерлер Тілек Айтқалиев бұрыннан айтып жүрген спорт кешеніне әйгілі балуан Жорес Ысқақовтың есімін беру, Алтай Тойлыбаев Хиуаз ауылынан мәдениет үйін салу, Талғат Аманғалиев шипажай ғимаратының кәсіпкерлік мақсатқа сенімгерлікке берілу мәселесін қозғады. Тұрғындар тарапынан басқа да сұрақтар қойылып, қанағаттандырарлықтай жауаптары берілді.
Баяндамаға орай пікір білдірген ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын беріп, Ломоносов атындағы және Ақкөл орта мектептері ғимаратының ескі әрі тарлық ететінін айтты. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиев аудандық жас туристер бекетіне машықтандыру алаңдары бар арнайы ғимарат салуды ұсыныс етті.
А.Нәжімов