Ауыл әкімдерінің жылдық есебін Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса түйіндеді. Тұрғыны жағынан да, аумағы жағынан да ең үлкені саналатын елді мекен бойынша атқарылған істер мен алда тұрған міндеттерді ауыл басшысы нақты баяндап өтті.
- Құрманғазы ауылдық округі бойынша жыл аяғындағы тұрғындар саны 15405 адамды көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 265 адамды құрап отыр, оның ішінде табиғиы – 211. Отбасылар саны – 4005. Күнкөрісі кедейшілік шегінен төмені – 81, өте мұқтаждары – 10, ондағы адам саны -54. Жұмыссыздар – 402, алдыңғы жылға қарағанда 150 адамға артып отыр. Бұл адамдар санатының күрт өсуі еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты мұнай кәсіпшілігінде істетейтіндердің уақытша қысқаруға ұшырап, жұмыссыздар есебіне тіркелуінен туындап отыр. Соған сәйкес, жұмыссыздар саны жалпы тұрғындардың 2,6 пайызын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға өсті, - деген баяндамашы басқа көрсеткіштер бойынша атқарылған істердің біркелкі жақсы екенін жұртшылықтың назарына берді.
Сенім жәшігі арқылы түскен РТС ауылының тұрғындарынан Достық, Азаттық, Тәуелсіздік, Хасан Кәрім атындағы көшелерге түнгі жарық тарту және Атырау көшесіне электр желісін қайтадан жүргізу бағытындағы сауалына ауыл басшысы алдағы уақытта округ бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 9 көшені жарықтандыру көзделгенін, солардың ішіне аталған көшелер кіргенін, Атырау көшесіне жаңадан электр желісін тарту үшін жалпы құны 13000,0 мың теңгенің қажетті жобалау сметалық құжаттары жасақталғанын айтты. Сондай-ақ, желі қолданушының көп пәтерлік үйлер тұрғындары өз беттерінше балкондарының алдын қоршап алуларының заңдылығын сұраған сауалына зерделеп барып нақты жауабын беретінін жеткізді.
Бұзауслан ауылының тұрғыны М.Аюповтың аудан орталығымен байланыстыратын жаяу көпірдің бүгінгі сиқы жайлы, Құрманғазы ауылының тұрғындары Т.Жұмабекованың 2014 жылдан бері тұрған үй салу үшін жер кезегі жылжымай қойғаны, Б.Тайырованың құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында көшелерге бейнебақылау, жол қиылыстарына бағдаршам орнату туралы сауалдарына аудан әкімі Қайрат Нұртаев жауаптарын берді. Онда жаяу көпір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл салынатыны, екінші мәселе бойынша жоспарланған инженерлік инфрақұрылымдар іске берілгенде шешімін табатыны, үшіншіне орай аудан орталығынан 108 бейнекамера қойылатын орын белгіленіп қойғаны қаперге берді.
А.НӘЖІМОВ