Қазақстан халқы Ассамблеясының "Ұлттың сөз байрағы - домбыра" атты акциясы аясында аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен шілде айының алғашқы жексенбісінде дүние есігін ашқан сәбиге домбыра тарту ету шарасы өтті.
Дәстүрлі әндерді орындаушы Заря Қуанышқызы Елбасының Жарлығымен бекітілген ұлттық мерекенің маңыздылығы жөнінде сөз өрбітіп, құттықтау тілекті аудандық аналар кеңесінің мүшесі, ардагер-ұстаз Жәннат Құрманғалиеваға жолдады.
Ол көненің көзіндей ыстық көрінетін домбыраның тарихына тоқталып, өнердің ажырамас бөлшегіне айналған төл аспабымыздың бүгінгі рөлін айрықша атап өтті. Өнегелі, өнерлі жолыңда қасиетті домбыра жан серігіңе айналсын, өмірге жасаған қадамың құтты болсын деп ақ батасын беріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі бар төл аспабымызды жарық дүние есігін ашқан Нұрислам атты нәрестеге ұсынды. Аудан әкімі Қайрат Талапұлының құттықтау хаты және естелік сыйлықты сәбидің анасы Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Фазылова Айгүлге табыстады. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева мерекелік шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылығын білдіріп, ана мен сәбидің бақытты болуын тіледі.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың алты айында аудандық перзентхана бөлімшесінде 240 сәби дүниеге келген. Бүгінде мұнда босану мерзіміндегі әйелдерге қолжетімді және сапалы қызмет көрсету, ана мен бала өлімін төмендетуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде биыл 25 кесер тілігі сәтті жүзеге асырылған. Перзентханада ана мен баланың өмірлерін қорғап, Гиппократ антына адалдық танытқан ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбектеріне жеміс тілейміз!
А.Шакупова