Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаевтың ауданымыздың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындысы бойынша есебі.
2019 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 12 830,0 млн. теңгені құраса, 2020 жылы 11 186,0 млн теңге болды, нақты көлем индексі 92,7%. Мұның себебі, шикі мұнай өндірісі төмендеуі есебінен.
Ауданымызда ауылшаруашылығының негізгі саласы мал шаруашылығы болып табылады. 2020 жылы барлық меншік нысандары 12574 тонна ет, 12086 тонна сүт, 149 мың дана жұмыртқа өндірді. Өткен жылмен салыстырғанда ет 101%, сүт 101%, ал, жұмыртқа 100,2% құрады.
Мүйізді ірі қара 63573, қой мен ешкі 183693, жылқы 27077, түйе 5047, құс 9333 басқа жеткізілді немесе өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара-102,9, қой мен ешкі - 100,2, жылқы-113,5, құс-253,3 пайызға өссе, түйе малы 97,7 пайызға төмендеді. Себебі, ауылшаруашылық жануарларын бағып өсірумен айналысатын өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары, жеке мал иелерінің өз қажеттілігіне (сою, сату) жаратуда. Аудандағы 4 ауылшаруашылығы құрылымдары мен «Рсай» шаруа қожалықтарында барлығы 26020 бас асыл тұқымды Еділбай қойы, 509 бас асыл тұқымды жылқы және 303 бас асыл тұқымды түйе малдары бағылуда. 79 тонна құс еті дайындалды.
Қазіргі уақытта Құрманғазы ауданында 3 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасап жатыр. «Құрманғазы» ауыл шаруашылығы кооперативі, мал сою пунктіне тұрғындардан мал түрлерін қабылдап, ет және ет өнімдерін өндіру жұмыстарымен айналысуда. Жыл басынан бері 147 тонна ет дайындалып, өңделді. Жұмысшылар саны 26 адам. «Дынғызыл» ауыл шаруашылығы кооперативі - мал басын өз төлі есебінен өсіру және бордақылау арқылы қызмет көрсетуде. «Бұйырғын» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің құс фермасы заманауи технологиялармен жабдықталып жыл ішінде 79 тонна құс етін өңдеп, халыққа ұсынды. 35 адам жұмысқа тартылған. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес, шаруашылық субьектілеріне барлығы 221,9 млн. теңге субсидия төленді. Аудан бойынша 2020-2021 жылдың қысында 617 орында мал қыстақтары орналасқан. Қыстаққа түсетін мал басына зоотехникалық норматив бойынша 158505 мың тонна мал азығы қажет деп есептеліп, оның 161455 тоннасы дайындалды.
2020 жылы 931 гектар жерге егін егілді. Егіс жұмыстарының аяқталуына орай қорытынды мәлімет бойынша 211 гектар көкөністен 3756 тонна, 79 гектарға егілген бақшадан 1660 тонна, 110 гектар мал азықтық дақылдарынан 220 және 531 гектарға егілген картоптан 5238 тонна өнім алынды. Барлығы 10874 тонна өнім.