Т.Дәрелов: Аналарға мәңгі тағзым!

(0 Votes)

Соғыс жылы, біздің қазақ анасы,

Аналығын дәлелдеді жаны асыл.

Ексітпеді қырық құрау тірлікті,

Ұлылығына амалың жоқ, шанасың.

 

Шанбай қара, өткеніңе өш болып,

Елемей көр, не қиындық тосты оны.

Әп сәтте кеп жармасады жағаңа,

Куә болған көне тарих қос қолы.

 

Елемеген жүрегінің жарасын,

Соғыс лаңы салып басқа дара сын.

Ертеңді-кеш орақ сілтеп, оны үйген,

Арқасына салып алып баласын.

 

Шаттығынан соғыс ерте айырған,

Аналар да жаудың бетін қайырған.

Борандарда жылқы менен бірге ыққан,

Ерлігі оның аңыз болып жайылған.

 

Қайран ару бүгінгідей ерке емес,

Белі үзіліп сиыр сауған ерте-кеш.

Егін салған тырналаумен алқапты,

Тайқып кеткен жері бір жоқ серттен еш.

 

Тілектері: «Құдай бізге берсе екен,

Жауды жеңіп ерлер аман келсе екен!»

Амал қанша, оралмады көп ерлер,

Аналар да, қайғы жұтты ел-мекен.

 

Тал күнінде қиылса да армандар,

Ие болған бүкіл ауыл, мал-жанға.

Майданға деп түнде киім тіккендер,

Осы аналар, темір жол да салғандар.

 

Жетпесіңді жеткізгендер қайдан да,

Беріспеген өлім құшақ жайғанда.

Осы аналар қирағанды тұрғызып,

Аттан түспей жылқы айдаған майданға.

 

Туған елге бола білген мол қорған,

Қайғысына жер тітіреп көл толған.

«Қара қағаз» келсе де үміт жоймаған,

Осы аналар «қара кемпір» жол торған.

 

Аңыз емес, бастан өткен кешегің,

Тауыса алмадым ерлігіңнің есебін.

Аналар да жаудың бетін қайтарды,

Желге ашқызбай қымтап ұстап етегін.

 

Куәлары сол күндердің ұранды,

Ерлігіне сөз айтпайық күмәнді.

Аналарға мәңгі тағзым, ұрпақтан,

Кеуделерге қысып ұстап құранды.

 

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521