Ұсыныстардың жетпіс пайызы орындалып жүр

(0 Votes)

Республикалық Қазақстан халық партиясы Атырау облыстық филиалының  мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Дәулетқазиев, заңгері Ринат Абдуғалиев, белсенділері  Қаһарман Жәрдем, Әділхан Жұмағалиев ауданымызда болып, тұрғындармен кездесті.

Ауданымызға сапарын аудандық  Жастар ресурстық орталығынан бастап, Бірлік ауылдық округінде, «Каспий-Балық» ӨК-де, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде жалғастырды.  

Аталған мәдениет үйінде өткен кездесуді аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әділбек Мұфтахов ашып, партия өкілдерін қатысушыларға таныстырды. Қазақстан  халық  партиясы  Атырау облыстық  филиалының  өкілі, облыстық мәслихаттың  депутаты  Ерболат Дәулетқазиев облыстық филиал төрайымы Балжан Досмұханбетова іссапарда болуына байланысты келе алмағанын жеткізіп: – Кезінде Коммунистік партия деп аталдық. 15 жыл осы партияның мүшесімін. Бұрын қазіргі «AMANAT», «Ақ жол» партияларымен қатар жұмыс жасадық. Ел дамуына күш салдық. Президентімізді қолдаған коалиция құрамында болдық.  Халықтың, қалың бұқараның мүддесі үшін қызмет ету басты міндетіміз. Сол бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үлкен саяси додаларға қатысып жүрміз. Елдің тыныштығы мен бірлігін, дамуын қолдаймыз. Жаңа Қазақстанға арналған өзіміздің жоспарымыз  бар. Біздің партияның бірінші ұстанымы – жер мәселесі шешілуде. Конституцияға өзгеріс енгізілді. Екінші мәселе  етіп әйел-аналарды  58 жаста зейнеткерлікке шығаруды көтергенбіз. Парламентке, Сенатқа хат жаздық. 18 жасқа дейінгі балаларды қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмадық. Шетке кеткен ақшаны қайтаруды көтердік, ол қазір орындалуда. Мемлекет  басшысы  пайдаланылмаған жерді, шетке кеткен ақшаны қайтарып мектеп, аурухана саламыз  деді. Жолдың да бітпей жатырғанынан хабардармыз. Мұны да көтеріп келеміз. Жақында Президентіміз де салынып жатырған жолдарды аяқтау қажеттігін ескертті. Соны біздің партия да бақылауда ұстауда. - деп  басқа да атқарылған жұмыстардан қысқаша хабардар етіп, қатысушылардан өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салуларын сұрады. Оны жоғары жақтарға, облыс, аудан әкімдеріне  жеткізуге әзір екендерін, оларды жүзеге асыруға күш салуға депутат ретінде  мүмкіндігі барын қаперге берді.

Партия белсенді мүшелері Қаһарман Жәрдем: – Кеше Президентіміздің жаңа, әділ Қазақстан құру туралы,  ауылға  көңіл бөлінеді деп айтқанын естідіңіздер. Ауылды көркейтуге бәріміз болып атсалысуға шақырды. Араларыңыздан  партияға мүше болғандардан  депуттар сайланса елдің қамын ойлайды деп есептейміз. Орталарыңызда белсенділер болса, мүшелікке өтуге болады. Мен құқық қорғау органдарында, қаржы полициясында  жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықтым. Қазір кәсіпкерлікпен айналысып жатырмын. Елдің болашағы, облыстың, ауданның халқының мүддесі үшін жұмыс жасайық деген ниетпен орталарыңызға келдік. Біз өзімізді халыққа жақын партия деп санаймыз. Сіздер айтқан ұсыныстарды біздер жазып алып, орындалуын бақылауда ұстаймыз. Осыған дейін партияның қолдауымен айтылған ұсыныстардың 70 пайызы орындалып жүр. Облыс әкіміне айтамыз, өзіміздің төрағамыз арқылы Президент әкімшілігіне шығамыз, - деп сөзінің соңында  аспанымыз  ашық, еліміз бай-бақуатты болсын деген ізгі тілегін жеткізді. Аталған партияның заңгері Ринат Абдуғалиев, белсінді мүшесі  Әділхан Жұмағалиев та қатысушыларға келу мақсаттары жайлы қысқаша ақпарат беріп өтті.

Кездесулер барысында тұрғындар  өзендеріміз тартылып бара жатырғанын, судан дуст дәмі шығатынын, жол 30 жыл бойы салынып, әлі аяқталмай  отырғанын, ҰБТ тапсыруды аудан орталығында өткізбесе қалаға барып келу 20 мыңға шығатынын және басқа да мәселелерді ортаға салды.

Түстен кейін Қазақстан  халық  партиясы  Атырау облыстық  филиалының  өкілі, облыстық мәслихаттың  депутаты  Ерболат Дәулетқазиев бастаған мүшелерін  аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев қабылдады. Қабылдауға дербес бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш партияның өкілдері түске дейін тұрғындар тарапынан  айтылған барлық  мәселелерді ортаға салды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы көтерілген мәселелердің бәрі дұрыс екенін, аудан әкімінің күн тәртібінде тұрғанын, кезең-кезеңімен шешіліп жатырғанын қаперге беріп өтіп: – Жоспарға сай  243 шақырым каналдар тереңдетілетін болса, 99 шақырымының жұмысы биыл басталды. Қалған 143 шақырымы екінші кезеңде жасалады. Басында бұрын «Арна» мекемесінде жұмыс жасаған Бауыржан Нұрғалиев деген тәжірибелі маман бар. Қазып болғаннан кейін қарайтын, өлшейтін бригада тексереді. Жағадағы үйілген топырақтар жазылады, қазір жұмыс қазан айында ғана басталған соң тасылып үлгерілмей жатыр. Шекарадағы кезекке келсек, ол Ресейде әскерге шақыру басталғанда болды, қазір ондай көп көлік жоқ. Айтылған барлық ұсыныстар назарға алынады,  - деп жолдың қиындығына қарамай орталарына келіп кездесу өткізіп жатырғандары үшін ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT