Сын сағаттағы тәжірибелерімен бөлісті

(0 Votes)

Аудан әкімі Абат Жанғалиев су тасқынына байланысты бірқатар сала ардагерлерінің басын қосып, 1979, 1991-1992 жылдардың сын сағаттарындағы тәжірибелерін тыңдап, ұсыныс пікірлеріне назар аударды.

– Әкімдік штаб құрып, табиғи апатпен күресуге барлық күштерді жұмылдыруда. Осыған іспеттес судың келуі  өңірде 1979, 1991-1992 жылдары болған екен. Сол кезде құрманғазылықтар ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен апатқа абыроймен төтеп берген. Аталған жылдары өңірдің тізгінін ұстап, табиғи апатпен күрескен, су тасқынына қарсы аудандық төтенше комиссия құрамында болған ағаларымыз әлі де ортамызда. Қазіргі таңда олардың ақыл-кеңестері бізге ауадай қажет. Әрбір округке әкімдіктен жауапты тұлғалар бекітілген. Ауданға қарасты өр суынан қорғану және жаға бекіту жұмыстарына тағы қанша қаражат керектігі жөнінде смета жасалынуда. Судың деңгейі жөніндегі күнделікті мәліметті тиісті органдардан алып, салыстырып отырмыз. Ауылдың ерікті жастары тынбай жұмыстануда. Жаға бекіту жұмыстарына қажетті заттарды жинайтын бір жерді белгілейміз. Тұрғындардан, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерден ақшалай көмек сұралмайды. Қазіргі таңда ауданымызда құрылыспен айналысып жатқан мекемелердің техникалары осы бөгеттерді салу жұмыстарына жұмылдырылған – дей келе, аудан басшысы қажет болған жағдайда тұрғындарды эвакуациялайтын орындар белгіленгенін атап өтті.  

Академик-жазушы,  кезінде тасқынға қарсы аудандық төтенше комиссия құрамында болған Өмірзақ Қажымғалиев: – Өр суы  біз үшін үлкен сынақ. Кешегі 65 мың халқы бар Құлсары қаласын су  басқанын, Атырау қаласындағы жағдайды көріп отырып өр суын  аз немесе көп келеді деп тоқмейілсуге болмайды. Су келген уақыттарда жылда техникалар жетіспеушілігі орын алады. Көп келген жылдары  секундына 28-32, сосын 25-26 текше метр су  жіберіледі екен. Қазірден бастап қапы қалмайық. Бір жерден жарса бүкіл жұмыс зая кетеді. Мысалға, біздің мынау Құрманғазы ауылында қауіпті жерлер бар. Біріншіден, бізге су келуі шығыс жақтан басталады. Ауылдың шығыс жағы су келген уақыттарда айдынға айналады. Айдыннан толқын көтеріліп, жел тұрған уақыттарда  бөгеттердің тас-талқанын шығарады. Осыған үлкен мән беру керек. Кезінде біздер күзетте тұрдық. Екіншіден, одан кем емес жер батыс жақтағы Сағындықтың үйінің тұсы. Нағыз оятын жер деп естідім. Штаб жұмысының жоспарын  жасағанда осыларды қаперге алу қажет. Бір жер қаралмай қалып, су жарса бүкіл ел кетеді. Егер бір ауыл суға кетсе оған бәріміз жауапты болғандықтан  зияны тиеді, – деді.

– Бізде өр суына қатысты жұмыстар 1979 жылы жасалды. 1993-1994 жылы келген су ондай көп емес. Бөгеттерге құм толтырылған қаптарды салған қорған болмайды. Астынан, арасынан су кетеді. Алдымен ағаш, содан кейін қамыс тақталар, егер ол болмаса қамысты баулап салып, биіктету қажет. 1979 жылы өр суы келгенде төрт ұжымшар, он кеңшар бар еді. Солардың техникаларын жұмылдырды. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан бөгеттің әр бөлігін бекітуге сол жердің тұрғындарын тартып, жауапкершілік жүктеу қажет. Себебі, бір ғана мекемелермен  жұмыс істеп нәтижеге жетпейміз, халықты жұмылдыру керек. Судың жүретін жерлерін эксковатормен қазып, трактормен жыртып болса да ашқан жөн. Ең қиыны – біздің Бұзауслан ауылы. Алдыңғы, артқы жағында да су бар. Құдай сақтап жүр. Қатты жел, жаңбыр болса су астында қалуы мүмкін. Халыққа осыны түсіндірген жөн. Әлеуметтік жағдайы тартпайтын, материал таба алмайтын отбасыларға көмектесуді ұйымдастыру керек. Мектептердің 9-11 сынып оқушыларын да ортақ іске  тартсақ, барлық жұмысты тындырады, - деді Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов.

Еңбек ардагері Елдос Бектеміров Құрманғазы ауылы бойынша қауіпті жерлерді атап көрсетіп, қапқа құм топырақ салумен жұмыс бітпейтінін, қамыс плиталарды, рулон шөптерді, ағаштарды кесіп пайдаланудың маңыздылығын тілге тиек етті. Келесі кезекте Құрманғазы ауданының елді мекендерін көктемгі су тасқынынан қорғау жұмыстары бойынша аудан әкімінің орынбасары, штаб басшысы Марат Хасанов баяндады.

-Құрманғазы ауданы бойынша жалпы су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы 264 шақырымды құрайды. (Қиғаш-158, Шарон-106 шақырым) Аудан аумағында су тасқынының алдын алу мақсатында келесідей жұмыстар атқарылды.

Облыс әкімінің өкіміне сәйкес Шортанбай, Көптоғай, Дыңғызыл ауылдық округіндегі аса қауіпті учаскелердің зерделеу жұмыстарының нәтижесінде темір-бетонды құрылыс салуды қажет деген шешім қабылданды. Қазіргі таңда 1 171 млн. теңгеге шарт жасақталып, мердігер «Tolagai-2050» ЖШС-мен құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Дыңғызыл 120 метрге 450 тн қап топырақ, Шортанбай 200 метрге 400 тн қап топырақ қойылса, Көптоғайда 400 м. Бөгеттің аласа жерлері көтерілді. Күні бүгінге дейін 2000-нан аса ерікті жұмылдырылып, бөгеттердің 3,7 шақырымына 25350 қапшық салынып биіктетілді. Осы жұмыстарды жасау үшін 224 рейс жүргізіліп, 4400 тонна топырақ төгілді. Сонымен қатар, Құрманғазы ауданының Бөкейхан (1,9 км), Кудряшов (2,2 км), Сафон (2,5 км), Бірлік (1 км), Жаңаталап (0,02 км) ауылдық округіндегі су тасқынынан қорғаныш бөгеттерінің 7,6 шақырымын құрайтын аса қауіпті учаскелері жөндеуге және 10 тн дизель отын мен 350000 қап сатып алуға 35 млн. теңге аудан әкімінің шұғыл шығындарға арналған резерві есебінен бөлінді, - деген хабарламашы ардагерлердің толғандырған сұрақтарына жауабын қайтарды.

Ел ағалары Қамат Ғаббасов, Сәрсекей Нәбидоллаев, су шаруашылығының маманы болып жұмыс жасаған Зибағат Қатимов өздерінің тәжірибелеріндегі нақты, жүйелі ұсыныстарымен бөлісті. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы жиын қорытындысымен штаб мүшелеріне, ауылдық округ әкімдеріне ұсыныстарды іске асыру бағытында тапсырмалар мен міндеттерді жүктеді.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT