Сын сағатта сүрінбесек деймін

(0 Votes)

Бүкіл дүние жүзін дүрліктірген коронавирус пандемиясы онымен жанқиярлықпен күресіп жатқан дәрігерлерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерткені ақиқат.

Өзге мамандық иелеріне қарағанда адам жанына араша тұратындардың былайғы уақыттағыдай емес қазіргі шақта қадірін ерекше сезініп, аса ілтипатпен қарай бастағандаймыз. Бұрыннан да зор құрметке бөленіп жүрген ақ халатты абзал жандардың алдағы кәсіби мерекелерінде еселі еңбектерін атап өткен ләзім. Осы орайда газет тілшісі Құрманғазы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері МҮТИЕВА ГҮЛСАРА НҰРМҰХАНБЕТҚЫЗЫМЕН шағын сұхбат жүргізген еді.

gulsara1

- Гүлсара ханым, алдымен сізді және сіз арқылы барша денсаулық күзетінде тұрған ауданның дәрігерлер армиясын төл мерекелерімен құттықтағымыз келеді. Қазір ақ халаттылар үшін сын сағаты болған кезең, жағдайды бір кісідей түсінеміз, әлемді жайлаған індетпен күрес, атқарылар шаралар болашақтың еншісінде қалсын. Бүгінгі әңгімеміз 2020 жылдың алғашқы 5 айында тұрғындарға көрсетілген медициналық қызмет тұрғысында өрбісе деймін?

- Әлбетте, айтқаныңыз болсын, дегенмен короновирустық пандемияны, содан туындаған ахуалды екінші кезекке қоя салуға келмейтіндей. Кейінгі күндердегі аудандағы жағдай жұмысымызға біраз өзгерісін алып келді. Індеттің таралып кетпеуінің алдын алудың, дертке шалдыққандардың тезірек сауығуына жағдай жасаудың шарасы алынды. Аурудың бүкіл әлем сияқты елімізде де таралу қаупі туындаған шақтан бастап оған қарсы тұруға дайындық жұмыстары жүргізілген еді. Соған сай ауруларды симптомдарына қарай орналастырудамыз. Ошақты орнына карантиндік шектеулер енгізілді, тұрғындармен түсінік жұмыстары жүргізілді. Жоспарлы жұмысымыз өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Ал, енді, сіздің тікелей сұрағыңызға келсек, аудандағы денсаулық сақтау саласына қарасты 100 төсектік аудандық аурухана, орталықтан шалғайдағы ауыл тұрғындарына арналған әр қайсысы 10 төсектік Балқұдық, Сүйіндік ауылдық бөлімшесі, күніне 250 науқасты қабылдауға мүмкіндігі бар аудандық емхана, округтердегі 14 дәрігерлік амбулатория, 11 медициналық, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұлардан басқа Азғыр өңіріндегі 3 дәрігерлік амбулатория, 2 тәуліктік стационар, 5 медициналық пункт бар. Осы медициналық мекемелер арқылы аудан бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің халық порталына тіркелген 50234 адамға медициналық қызмет көрсетуге тиіспіз. Тұрғындарды 70 дәрігер, 347 орта буын медицина қызметкерлері қамтиды. Дәрігерлердің 10 пайызы жоғары, 15,7 пайызы бірінші, 5,7 пайызы екінші санатты. Ал, орта буындағылардың біліктілігіне келсек, жоғары санаттысы – 19%, І санаттысы - 2%, ІІ санаттысы – 1,7%. Жоспарлы емдеуге жатқызу бөлмесі арқылы ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 763 науқас көмегімізге жүгінді, олардың аурулық деңгейіне байланысты 237-сі аудандық, 394-і облыстық клиникаларға жолданды. Аудандық аурухананың тәуліктік стационар бөлімшесінде аталған кезеңде 2908 сырқат, оның ішінде 345 бала түрлі аурулардан емделді. Жоспарлы түрде стационарға келіп түскендердің саны 1575(54,1%), ал, жедел түрде емделуге жатқызылғандар 1328(45,6%) адам. Өкінішке орай, осылардың ішінен 11 науқасымыз аурухана төсегінде қайтыс болды. Күндізгі стационарлық бөлімшесінде 733 ересек, 73 кәмелетке толмаған жасөспірім ем алды.

g

- Қазіргі уақытта кең тараған өкпе дерті, обыр аурулары жайына кеңірек тоқталып өтсеңіз.

- Әрине, аталған аурулардың басқаларға қарағанда өсімі байқалады. Туберкулездің аудан бойынша алғашқы аурушаңдық көрсеткіші өткен жылдың алғашқы бес айымен салыстырғанда 29,9 пайызға көтеріліп кеткені қынжылтады. Атап айтар болсам, Құрманғазыда – 6, Приморьеде – 3, Орлыда – 2, Кудряшов, Қиғаш, Хиуаз, Жұмекен учаскелерінде бір-бір науқастан анықталды. Өкпе дертінің өсу себептері уақтылы талданып, облыстық мониторинг топтарының берген кеңестері негізінде ауданда осындай топ құрылды. Емдеу-сауықтыру мекемелеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, практикалық көмектер көрсетіліп отырылады. Бірлескен жұмыстарымыз нәтижесін береді деген ойдамын. Жоспарланған 7893 флюорографиялық тексеріс 5425-ке, яғни 68,7 пайызға ғана орындалды, 36 жете тексеріке шығарылды. Оның қорытындысымен 28 адамнан туберкулез табылып, оның 12-сінен алғашқы аурушаңдық анықталды. Жоспарлы тексеріс карантиндік шектеулерге байланысты тоқтап қалғанымен маусым айынан бастап қайтадан қолға алынды. Бір аптадай дәрігерлер бригадасы Азғыр өңірінде болып, тұрғындарды тексерулерден өткізіп, рентгенге түсіріп қайтты. Өкпе дертімен сырқаттанатындардың амбулаториялық ем алу кезінде аудан әкімдігі тарапынан 2020 жылдың 5 айында 96 науқасқа 8 млн. 070950 теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді.

Онкологиялық ауырларға келсек, есепті кезеңде қатерлі ісік ауруларға 38 адамның шалдыққаны анықталды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 34 адам еді. Оның ішінде бірінші кезеңінде анықталғандары – 4, үшінші-төртінші кезеңдегі визуалдысы, яғни көзге көрініп тұрғандары жоқ. Аурулардың бес және одан да көп өмір сүруге мүмкіндіктері барлары – 155 науқас. Биылғы жылдың бес айында 23 адам обыр ауруынан қайтыс болды, әр мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 7,2 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде айтсам, 2019 жыл бұл көрсеткіштер 18 адам мен 5,7 пайыз болатын. Қан айналымы жүйесі аурулары бойынша 2020 жылы 35 сырқат бақилыққа озды, алдыңғы жылы 22 адамның өміріне араша тұра алмағанбыз. Тағы да өкінішке орай бұл ретте де өлім көрсеткішінен, дертке жаңадан шалдығудан өсім бар. Айта кету керек, қазіргі медицинада қандай да аурудан құлантазы жазылып шығуға болады. Тек адамдар өздерінің денсаулығына немқұрайды қарамай, дімкәстігі біліне бастағаннан дәрігердің көмегіне жүгінуі қажет. Ал, бізде кей адамдар сырқатқа аса мән бермей асқындырып алады. Дейтұрғанмен жалпы өлім-жітім көрсеткіші біркелкі деңгейде, 2019 жылғы 5 айда 153, 2020 жылдың осы кезеңінде 142 адам шығыны болды. Сәби өлімі бойынша алдыңғы жылы 3 сәби шетінесе, биыл бұл көрсеткіш төртеу болды. Екі жылда да ана өлімі тіркелген жоқ. Бала туу көрсеткіші бойынша 2019 жылғы 5 айда 412, биылғы жылы 440 нәресте өмірге келді.

- Ұғынықты әңгімеңізге үлкен рахмет. Енді кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса...

- Шыны керек, мына бір қарбаласпен жүріп өзіміздің мерекемізді де ұмытып кеткендеймін. Алайда, «Шошқаға да бір күн демалыс» дегендей, әр кәсіп иесінің өз еңбегінің мерейін, мәртебесін сезінер сәті болуы керек қой. Қаншама жұмыс-жұмыс, қиын кезең дегенмен сіз айтқан қалың дәрігерлер армиясын басқарып отырғандықтан жылына бір келетін төл мерекелерінде әріптестеріме бірауыз ыстық лебізімді білдіре кеткеннің артықтығы болмас. Адамдардың денсаулығын, өмірін сақтау үшін Гиппократ антын қабылдағандықтан соған сай адал қызмет атқаруымыз қажет. Сын сағатта сүрінбесек деймін, әріптестеріме сабыр, төзім тілеймін. Дәрігер, орта және кіші буын деп бөле жаратыны жоқ, қарапайым техникалық қызметкерлерге де ортақ мереке болғандықтан баршамызға құтты болсын, көтеріңкі көңіл күй, отбасы бақытын, мықты денсаулық тілек етемін.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT