С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ганюшкин ауылдық округі әкімі аппараты жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Жармұхамбетовтің бір жылдық есеп беру жиналысы өтті.
Ол өз баяндамасында Елбасы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында округтің ардагерлері тарапынан атқарылған жұмыстарды саралап, жастарды патриоттық және ұлттық тәрбиеге баулу, кәсіптік білім беруде өздерінің өмірлік бай-тәжірибелерімен бөлісуді міндеті санайтын үлкендеріміздің өнегелі істерін және отбасы татулығын сақтауға дәнекер болып жүрген медиаторлардың оңды әрекеттерін дәріптеді. Сонымен қатар, округте әлеуметтік қолдауды қажет ететін жалғызбасты қарияларға көрсетілген түрлі көмектер жөнінде қаперлеп, Президентіміздің бес әлеуметтік бастамасына қатысты салиқалы ой-пікірін білдірді. Одан әрі хабарламашы округтің атауы «Құрманғазы» болып өзгеретінін, ол облыстық ономастикалық комиссияда қолдау тапқанын айтып, Ганюшкин орталығындағы күй атасының ескерткішін ауыстыру туралы өз ұсынысын жасады.
Білім саласының ардагері М.Сапарова зираттарды орналастыру, Бұзаусылан елді мекеніндегі көпірді жөндеу, Атырау-Ганюшкин бағытындағы такси бағасын тұрақтандыру, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау және апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында жолға кедергілерді жиірек орнату жөніндегі мәселелерді қозғады.
Ардагер ұстаз И.Қараменов жиналысқа қатысушы үлкендердің аздығына ренішін білдіріп, өмірден көрген-түйгені мол, әр салада абыройлы қызмет атқарған егде жастағыларды қоғамдық жұмыстарға көбірек тартуды қаперледі. Халық сайлаған депутаттар да зейнеткерлер арасында жиі болып, округтегі жасы ұлғайған тұрғындардың хал-жағдайын әрдайым назарда ұстаса деген тілегін жеткізді. Ұйымның төрағасы Қ.Жармұхамбетовтің жұмысына еңбек ардагерлері Ә.Сиденғалиева, М.Есімғалиевтер «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Академик-жазушы Ө.Қажымғалиев ұлтшылдықтан рушылдығымыз басым болып бара жатқанын сынға алып, өскелең ұрпаққа қазақы тәрбие берудің маңыздылығын алға тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымызда біраз өнегелі де ұлағатты істер тындырылғанын тілге тиек етіп, алға қарай да тамыры тереңге жайылған тарихымызды одан әрі зерделеуге ардагерлеріміз атсалысса деген ұсынысын ортаға салды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев аудандағы 44 бастауыш ұйымда есеп беру жиналысы өткенін айтып, олардың 6-ның төрағалары өз өтініштеріне сәйкес құрамнан босатылғанын жеткізді. Ганюшкин ауылдық округінде 1200-дей ардагер-зейнеткерлер есепте тұратынын қаперлеп, бүгінгі жиналысқа олардың қатыстары көңіл көншітерліктей дәрежеде емес екендігіне тоқталды.
Бұдан кейін О.Құмарғалиев ұйымның көздеген негізгі мақсатын айтып өтіп, округтегі медиаторлар ерлі-зайыптылар арасында кикілжің туындаған сәттерде ортақ ымыраға келтіру үшін бұл шараны сотқа дейін жеткізбей қолға алуды өтінді. Биылғы жылы ардагерлер арасында облыс, республика көлемінде ұйымдастырылатын түрлі байқауларды назарға ұсынып, ауданда өткізілетін спорттық сайыстарға белсенділікпен қатысуды сұрады.
Сөз соңында Ганюшкин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалығына қайтадан Қ.Жармұхамбетовтің кандидатурасын ұсынып, ол қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Ганюшкин ауылдық округінің әкімі М.Мұғалім көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары туралы хабарлама жасады. 1 сәуір мен 15 мамыр аралығында көріктендіру мен көгалдандырудың екі айлығы жарияланатынын қаперлеп, бұл науқанға еңбек ұжымдары мен тұрғындарды жаппай қатыстыру көзделіп отырғанын алға тартты. Жергілікті полиция қызметкерлері үй-үйлерді аралап, сын-ескертпелерін айтып, тазалық мәселесіне көңіл бөлмей, үй-жай айналасын күл-қоқысқа толтырған тұрғындарға ескертулер беріп, одан әрі қаліпке келтірмеген жағдайда айыппұлдар салынатынын жеткізді.
Округ әкімі күні бүгін ауыл-аймақтың тазалығы ешқандай сын көтермейтініне алаңдаушылық танытып, сенбілікке бір кісідей ұйымшылдықпен қатынасуды сұрады. – Тазалық – денсаулық кепілі. Ортақ мекенді лас-қоқыспен бүлдіріп, түрлі аурулардың таралып кетуіне ықпал етіп отырған кім-кімді де жауапкершілікке шақырамыз. Бұл істе «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің, жергілікті мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңес мүшелерінің ықпалды әрекеті көрініс береді деген сенімдеміз, - деді ол өз сөзінің соңында.
А.ШАКУПОВА.