Абай атындағы орта мектептің «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты жиынының алдыңғы жылдардан бір ерекшелігі шара жүргізушілері мемлекетіміздің үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып, қазақ, орыс және ағылшын тіліндерде кезектесіп хабарлап отырды.
Бүгінгі салтанаттың бас куәгерлері мектептің 65-ші түлектері зор қошеметпен ортаға шақырылып, оларды 11 «а» сыныбын жетекшісі, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Рита Мақымғалиева, 11 «б» сыныпты жетекшісі, І санатты орыс тілі пәнінің мұғалімі Жанна Айтқалиева бастап шықты.
Әнұранымыз ойналып біткен соң алғы сөз мектеп директорының міндетін атқарушы Руслан Сахаевқа беріліп, ол өз сөзінде сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жетістіктерін саралап, оқуда озат шыққандардың және олардың мұғалімдерінің бір тобын ұлығылады.
Мерекелік салтанатқа арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұртаев мектеп түлектеріне алдағы он бір жыл алған білімдерінің дәрежесін көрсетер бірыңғай ұлттық тестілеуде жақсы нәтижеге қол жеткізіп, аңсаған армандарының орындалуын тіледі. Мектептің ұстаздарының абыройлы істеріне ризашылығын білдіріп, ата-аналарды балаларының үлкен өмірдің баспалдағына аттаған алғашқы сәтімен құттықтады.
Келесі кезекте құттықтау сөз аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваға, мектеп бітірушілердің ата-аналары атынан Сүлеймен Ибрашевқа берілді. Мектепті осыдан 70 жыл бұрын бітірген ұлағатты ұстаз Мырзан Сапарова апайымыз ақ батасын берсе, 20 жылдық кездесуге келіп отырғандар атынан Нариман Сәрсенбаев сөз алып мектеп-анаға сый-сыяпатын жасады. Мектептің өнерлі шәкірттері Бейімбетқызы Асылжан, Маратова Раушан, Болатова Азалия әсем әндерін арнады.
Оқу эстафетасының «Білім», «Өнер» және «Спорт» кілттерін мектеп түлектері Мұхаметәли Хамзаев, Асанжан Шарапов, Нұрәлі Айтимов ізбасарлары Бексұлтан Ғалымжановқа, Аружан Ибадоллаеваға, Раушан Маратоваға салтанатты жағдайда сеніммен тапсырды.
Келесі кезекте түлектер ортаға шығып мектеп өмірінің қимас шақтарын әдеби-композициялармен бейнелеп, жеңіл ырғақты билері дөңгелене қоштасу вальсіне алмасқан қойылымдарын қойды. Дарынды түлек Аяулым Аманқызының жүрек тебірентер алғысқа толы қоштасу сөзі жанарларға жас үйірді. Осылай жалғасқан салтанатты шара мектеп бітіргелі отырған екі сыныптан бес-бес жұптан шыққан түлектердің сыңғырлата соққан соңғы қоңырауымен тәмамдалды.
А.Нәжімов