Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің 2021-22 оқу жылының аяқталуына арналған салтанат «Түлек-2022» - жаңа Қазақстанның ертеңі» аталды Биылғы жылы 28 түлек алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады.
Мемлекеттік гимн ойналып, Әнұранымыз тұғырына көтерілген соң мектеп директоры Гүлжанат Қалиева жыл қорытындысы, жеткен жетістіктер жайында қысқаша баяндады. – Үстіміздегі жылы мектебімізді 1-4 сыныптарда 324 оқушы, 5-9 сыныптарда 304 оқушы, 10-11 сыныптарда 61 оқушы оқып, аяқтап шықты. Білім жетістіктеріне келсек, 1-4 сыныптарда 32 оқу озаты, 107 оқу екпіндісі, сапа 56,7 пайыз, 5-9 сыныптарда 28 оқу озаты, 125 оқу екпіндісі, сапа – 50,2 пайыз, 10-11 сыныптарда 4 оқу озаты, 33 оқу екпіндісі, сапа – 60,6 пайыздық көрсеткішті көрсетті. Жалпы мектеп бойынша жыл қорытындысымен сапа 54 пайызды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,5-ке артып отыр. Білім ордасындағы оқытудың негізгі сапасын Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы айқындайды. Биылғы жылы мектеп бітіретін 28 түлектің 26-сы бұл мемлекеттік сынаққа қатынасуға өтінішін берді. Мектебімізде мамандық таңдауға әрдайым көңіл бөлініп отырылады, бұл жұмыстар сегізінші сыныптан бастау алады. Өз ісінің кәнігі шеберлерімен, мамандығының майталмандарымен кездесулер өткізіліп, түлектердің «кім болам?» деген таңдауларына бағыт-бағдар беріледі. Соның нәтижесінде түлеп ұшқалы отырғандардың ішінен 12 оқушы педагог, 7 бала дәрігерлік, үш-үштен менеджмент, дизайнер саласына, бір-бірден бағдарламалаушы, ветеринар, электр монтері мамандықтарын игеруге ниеттеніп отыр, - деген мектеп басшысы жыл ішінде білім, өнер, спорт сайыстарында топжарғандардың есімдерін атап, бірқатарын Алғыс хаттар мен сертификаттар марапаттады.
Соңғы қоңырау салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов, мектептің қорғаншылық кеңесінің төрайымы Гаухария Төкестаевалар сөз алып, мектептің педагогикалық ұжымын, оқушыларды және қияға қанат қаққалы отырған түлектерді құттықтап, тілектерін білдірді.
Алтын ұямен қоштасар сәтті білдіретін соңғы қоңырауды оқуда озат болған, түрлі шараларда белсенділік танытқан Алдияр Бақытбек, Шахназар Ғалымғали, Дильназ Жасталапова, Илария Гарипова сыңғырлата соғып, жүректерге қимастыққа толы іңкәр сезімді ұялатты.