1980-1983 жылдары ол кезде «Ленин жолы» («Серпер») газетінде Ораз Камалов деген бозбала жігіт фототілші болып жұмыс жасады.
Артық-ауыс сөзге жоқ, жұмысына тұқана, мұқият оның түсірген суреттері соншалықты сапалы, ауданның «Құрмет тақтасына» таңдалып жүрді. Үндемей жүріп алып өзі байқаған оралымсыздықтарды «сырт» етіп фотоаппаратына сыйғызып, редакциядағы жалаңдап отырған ағаларына әкелгенде, олар жерден жеті қоян тапқандай қуанатын.
Бірінде сол өзі тұратын Ақкөл ауылынан редакцияға жұмысқа ертеңгілік автобусқа асығып келе жатса, көпқабатты тұрғын үйдің төлесінен бір топ талпақ танаулар торайларын ерітіп, шығып жатады. Күлімсі иіс сонадайдан Ораздың да танауына жетеді. Сөйтіп ол осы көріністі суретке түсіріп алам деп жүргенде автобусы түскір кетіп қалып, Ораз келесі автобуспен келсе, адуын редактор Тұрекең (Тұрар Құрманғалиев) «Әй, шырақ керіліп- созылып қайда жүрсің» деп дүрс қоя береді, мойнына жай сөгісті де іліп жібереді.
Талпақ танаулардың тұрғын үйдің төлесінен шұбырып шығып жатқаны Ораз Камаловтың қолымен «Халықтық бақылау» бетінен жарқ еткенде ауданда үлкен әңгіме бұрқ ете түседі. «Бұл не деген масқара!» Ол жайында Ораз ініміз:
- Бір күні «нарконтрольдың» бастығы Сабыр Нажимов шақырып жатыр сені, шұғыл, қазір бар,-деді редактор аға. Зәре жоқ, келсем «отыр» деп үстелді нұсқады. Ақкөлдің сельсоветі Светикова да шақырулы екен. Сабыр аға біраз сілкіледі оны. «Мына бала көреді, сельсовет сен неге көрмейсің» деп қылғына айқайлағанда Светикова бір бозарып, бір қызарып кірерге тесік таба алмады. Маған бір кезде:
- Бала, сен жүре бер жұмысыңа,-деуі мұң екен, ұша жөнелдім. Келсем Тұрекең бастығым ұжымды жинап жатыр екен.
- Шақырыңдар бухгалтерді, Дәулекеновты деп көңілді сөйледі. – Бала жоғары отыр сен бүгін,-деп бір қойды. –Қане, ығысып орын беріңдер оған. Өткенде подъезден шыққан шошқаларды түсіріп, бізді абыройға бөледі. Райкомның бюросында қарамақшы, бірінші хатшы Темірташевтың өзі маңыз беруде. «Мына заманда тұрғын үйден адаммен бірге шошқа өреді деген не» деп тісін қайрауда. Дәулекенов жаз балаға 15 сом премияны, тап қазір қолына ұстат, әй, бала сондайлар кезіксе жұмыстан кешіксең, кешіге бер, мен ашумен выговор деп едім ғой, ол сол айтқан жерде қалды айналайын,-деп мерейлене қарады жүзіме дейді Орекең ініміз.
- Содан сельсовет Светикова ауылда кездескенде берген сәлемімді алмай жүрді, жерлеспіз ғой. Бір күні ол: -Шошқаларды суретке түсіресің, ал теректің жапырағын дымын қоймай жеп тұрған түйелерді көрсең де сен түсірмейсің,-деп өзіме дүрс қоя бергені бар, дейді, Орекең әңгімесін одан әрі жалғап.
1989 жылдың мамырында Ораз Камалов Кеңес Армиясы қатарына алынғанға дейін газеттің мынау деген фототілшісі болды. Армиядан оралған соң қайыра газетіне келе алмады. Армияда жақсы қызмет еткен оны ішкі істер қызметі аттай қалап алды. Содан зейнет демалысына бір-ақ шықты. Бірақ, өмір бойы қолынан фотоаппаратын тастамай келеді. Жақында Ақкөл ауылындағы келеңсіз жайды түсірген суреттері де Ораздың қолтаңбасын әйгілеп жарқырап тұр
. Сол 1980 жылдары өзі түсірген бірнеше суреттерін редакцияға ала келіпті. Жеке мұрағатында өткен күндердің шежіресі боларлық тамаша жәдігерлер бар екен. Соның ішінен назарымызды ерекше аударған бір кездегі әріптесіміздің үш суретін оқырмандар назарына беруді қажет деп ұйғардық.
1. Редакцияның сол кездегі қара нары аталған, республикаға танымал журналист Құрыш Елемесов хатшы – машинистка, журналист Сәбит Қасымовтың жұбайы, құрдасы Химия Қабдол қызы апайымызға «диктовка» тәсілімен материал жазғызып отыр. (Бәрі де марқұмдар)
2. Сол 1980-і жылдардың бірінде республикадан «Досымның үйленуі» атты спектакльмен мықты әртістер келіп, ауыл-ауылдарды аралап, көрермен көзайымына айналды. «Көптоғай» овощ-сүт кеңшарындағы болған сәттен түсірілген сурет. Саулық қойды бөркін шешіп алып сонда саумақшы болып отырған белгілі әртіс Құман Тастанбеков. Қойды ұстап тұрған әйгілі Асанәлі Әшімов. Ортада күліп тұрған марқұм кеңшардың партком хатшысы Алқам Сатимов. Шабытты, шалқыған сәттері сірә
. 3. 1981 жылы ау, деймін Құрманғазы аудандық баспаханасы өртке шарпылып, газет уақытша біраз айлар бойы Исатай ауданының баспаханасынан шығып тұрды.Исатайлық әріптестер қиын кезде қол ұшын созып, бауырға тартты. Жағдай түзеліп, аудан баспаханасы қаліпке келген соң «Нарын таңындағы» әріптестерді «Ленин жолына» келтірудің сәті түседі. Мынау сол кездегі сурет. Солдан оңға қарай фотоаппарат ұстап тұрған Ораз Камаловтың өзі. Одан кейінгі, негізі құрманғазылықтар болғанымен исатайлық журналистер Ахон Ғизин, Мәди Өтеғалиев. Оң жақтан бірінші сол кездегі «Нарын таңының» қызметкері, негізі ол да құрманғазылық Сансызбай Мәдиев және кейіннен «серперлік» болған Гүлмайда Жұбанова.
Т.Дәрелұлы