Өнер атаулының құдіреті бөлек екенін жақсы білеміз. Әсіресе, қылқаламмен аудармай суретін салып, жансыз дүниеге тіл бітіргендей әсем бейнелеу хас шеберліктің белгісі.
Қазақтың атақты суретшісі Әбілхан Қастеев «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, көлдің құрағынан, анамның киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім» деген екен. Сол айтқандай айналадағы ғажап сұлулықтың әсері әр сурет салушыны өзінің қиял әлеміне жетелеп, шеберлігінің шыңдалуына себепші болатыны ақиқат. Табиғаты тамаша ару Қиғаштың да осындай жағасында туып, сылдырап аққан суының, шоршыған ақ балығының, жел тербеген сәмбі талының, көкорай шалғынының, аң-құсының сұлулығына сұқтанып өскен Сәрсенбайдай суретшінің қиялына қанат бітіргені сөзсіз.
Танымал суретші Әлиев Сәрсенбай Сәлменұлы 1954 жылы 22 наурызда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, ММС(қазіргі Арна) ауылында дүниеге келді. Бала кезінен сурет салуды ұнататын ол 1978 жылы Алматы көркемсурет училищесінде сызу және сурет пәнінің мұғалімі мамандығын алды. 1986 жылы Т.Жүргенов атындағы «Театр және көркемсурет» академиясын сахна безендіру және технолог мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1986 жылы «Грамзапись» студиясында және «Мектеп», «Ана тілі» баспаларында көркем безендіруші болып бастап, талай әншілердің әнтабағының, ақын-жазушылардың кітаптарынының иллюстрациясын жасады. 1988-1991 жылдары Қазақ совет энциклопедиясының ғылыми көркемдеуші редакторы болды. 1984 жылы Ашхабадта өткен «Қазақстанның жас суретшілері» атты бүкілодақтық көрмеге, 1987 жылдан бастап республикалық және халықаралық көрмелерге қатысты. «Шаңырақ», «Ақмола», «Негеш» энциклопедияларының көркемдеуші ғылыми редакторы. Осы еңбектері үшін 1990 жылы Қазақстан журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды.
1999 жылы «Өлке» баспасынан Атырау суретшілерінің тұңғыш қолөнер, кескіндеме, графика, мүсін өнері коллекциясын жинақтап, «Атырау нақыштары» атты альбомын шығарды. 2003 жылы Алматыда ғалымдар үйінде «Ұлар» галлереясында мерейтойлық жеке көрмесін өткізді. 2005 жылы О.Таңсықбаев атындағы қолданбалы қолөнер колледжінде, Қазақ мемлекетік қыздар педагогика институтында «кәсіптік оқыту және еңбек» кафедрасының оқытушы қызметінде арнайы курс пәндерінен дәрістер мен практикалық сабақтар берді. Білім ордасының аға оқытушысы, кафедраның қауымдастырылған профессорлығына көтерілді. 2007 жылдан Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, 2013 жылы Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет салсының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2014 жылы туындылары Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Туған жер» атты жеке көрмесіне қойылды. 2016 жылы «Тау-Қайнар» баспасының «Ұлы дала қорғаушылары» ментология жинағында «Махамбет пен Исатай» «Қайран Нарын», «Күйші Махамбет» атты картиналары жарияланды. Суретшінің «Қиғаш бойында», «Доссордағы екінші ауыл», «Наурызек - көктем хабаршысы», «Иманақ Сәкен туған ауылда» және сериялы «Бақытты балалық шақ» атты танымал картиналары бар.
Суретші Сәрсенбай Сәлменұлы туған ауылынан соншама жыл жырақта жүрсе де кіндік қаны тамған топырағын ұмытқан емес. Бір сұхбатында «Біздің ауыл – жазық дала. Күннің шапағы жан-жаққа тез тарайды. Таңертең далаға шығып маңайға қарасаң, жазық дала, атып келе жатқан таң шапағы, бірінің соңынан бірі тізіліп, жайлауға бет бұрған түйелер. Ботасын қимай, соңына қайта-қайта бұрылып, боздап бара жатқан түйелерді көрудің өзі керемет. Туған топырақтың бояуын табу үшін, көбіне ауылға барып, қысқа этюд саламын. Оны үйге алып келіп, тұтас картина жазамын...» деп сағынышпен тебірене еске алады.
Сонымен бірге, «Шабыт деген – бір нәрседен әсер алу. Сурет бір демде салына салмайды. Егер қатты әсер алсаң, тез-ақ салынатын суреттер болады. Сондай-ақ, керісінше бір бастап қойып, бірнеше жылға созылатын да суреттер бар. «Күйді орындау үшін де күй керек», деген бар. Сол сияқты суретшіге де сурет салу үшін күй керек, әсер керек» дейді бар саналы ғұмырын арнаған қылқалам құдіретінің қыр-сыры жайында терең ой толғайды. Қиғаштың жағасында туған қияли ұлдың желкенін керген жетпісіне толған шағында кейінгі толқынға кеңірек таныстыру мақсатында осы мақаланы жазу, бірқатар туындыларын назарға ұсыну ұйғарылды.
Айбек МЕЙІРМАН