Аудан әкімінің телеграм чатын ақтарсаңыз, ауыз суының сапасыздығы туралы тұрғындар тарапынан көп уәждер жазылған. Тіпті, онда өзеннен аулаған балықтан да дустының дәмі шығып кеткені туралы айтылған.
Бұл өңірдің бір-екі аймағында емес, бүкіл ауылдық округтеріне тән ортақ мәселе. Мұндай бірінші кезектегі мәселені көз көріп отырған соң, жауапты мекемелерге хабарласуды жөн көрдік.
Аудандық санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Тоғаевадан аталған проблема туралы сұрағанымызда, тамыз айының басында барлық су қондырғылары мен ашық су көздерінен микробиологиялық және химиялық зерттеуге сынама алынғанын айтты. –Шарон, Қиғаш, Кобяков өзендерінен алынған сынаманың зертхана қортындысында колиформды бактериялардың коли-индекс көрсеткіші бойынша түсі мен лайлылығынан сәйкессіздік анықталды. Осыған сәйкес, Еңбекші ауылдық округі әкімдігіне, су тазарту қондырғыларын сенімгерлік басқару иесі «П.Қ.Қайседенов» ШҚ-на жуу,тазалау, дезинфекциялау жұмыстары үшін хат жолданып, аудан әкімдігіне хабарлама берілді,-дейді Гаухар Тоғаева. Осындай қорытынды берген мамандар тазалау жұмыстары жүргенге дейін өзен суын қайнатып ішуге кеңес берді.
Қазіргі таңда аудандағы 49 елді мекеннің бүгінде 43-і ауыз сумен қамтылған. Ал, Қарақұл мен Көкарна аймағына су құбыры жүргізілуде. Қыр бойында орналасқан Асан мен Үштаған ауылдарына магистральды су құбыры тартылып, ағымдағы жылдың соңында ел игілігіне берілерін алдыңғы санда да жариялаған болатынбыз. Көз көріп, қол ұстаған мәселенің шешімі бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Сиражевтан мәлімет алу үшін бұл сұрақты қойып көрдік. Ол ауыз судың иісі мен дәміне қатысты мәселемен күресте бірқатар жұмыстар атқарылатынын айтып өтті. Бүгінде облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу және Экология басқармаларына аталған мәселе тұрғысында хат жолданып, нақты шешім күтіп отырғанын жеткізді. Сол бөлімдегі мамандардың айтуынша, су тазалау ғимараты тәулік бойы жұмыс жасап тұрса да, желі айнымалы болмауы әсерінен су құбырының жарылуына әкеліп соғады. Оған тұрғындардың тіршілік нәрін шектен тыс ысырапшыл пайдаланып отырғаны да себеп екен. Ал, сасық иіс пен жасыл түсті – күннің ыстығынан өзеннің тартылып, балдырлардың шіруі себеп дейді. Санитарлық эпидемиологиялық бөлімнен тапсырма алған Еңбекші ауылдық округінің әкімі Руслан Әмірханов болса, әне-міне дегенше дезинфекциялау жұмыстары басталатынын атап өтті. – Ауылымызда 8 су тазалау қондырғысы болғанымен олардың жағдайы бүгінде сын көтермейді. Фильтр ауыстыру жұмыстарына 13 млн. қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу бойынша мердігер мекеме де анықталды. Алдағы жиырма күнде барлық сүзгі жаңарып, қалпына келтіріледі,-дейді Руслан Тасмұратұлы. Елді елең еткізген тіршілік нәрінің мәселесі тез арада шешілеріне біз де үміттіміз.
Жайдарлым Қайреден