Судың да сұрауы бар

(0 Votes)

Жыл өткен сайын елімізде су ресурстарының тапшылығы айқын сезіле бастауда. Бұған ғаламторымыздың жылына бастауы, экологиядағы өзгерістер себеп шығар. Арналар бастау алатын елдердің экономикалық саясатының да әсері болар. Қалай десек те биыл ауданымызға өр суы жылдағыдан аз келді.

Бұрын судың астында қалатын шабындықтардың кейбіріне ылғал шыққан жоқ. Шаруа қожалықтары бұған алаңдаулы. Тіршілік нәрі бізге Ресейден келетіні белгілі. Жақында еліміздің делегациясы Астрахань облысында болғанда, ол жақтағылар судан өздері де тапшылық көріп отырғанын жеткізген. Сондықтан Президентіміз: «Судың да сұрауы бар», деп айтқандай бұл мәселеге байыппен қарайтын кез жеткен сияқты. Қолда бардың қадірін бүгін білмесек, ертең кеш қалуымызда ықтимал. Елімізде жаңадан қабылданған Су кодексі тіршілік нәрін ысырап етуге жол бермеуді көздейді.

Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексі қабылдануына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясының инспекторы Бақытгүл Қарабалина аудан әкімдігінде жиналыс өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов төрағалық еткен жиналысқа 16 округтің әкімдері, ауданымызды ауыз сумен қамтып отырған мекемелердің, егін және балық шаруашылықтарының, су бойына жақын орналасқан шаруа қожалықтарының, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. 

Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясының инспекторы Бақытгүл Қарабалина Су кодексі жайлы түсінік беріп: – Жаңа Кодекске «Судың қара нарығы», деген сөз енді. Ол суды алады, бірақ, ештеңе төлемей пайдаланады деген сөз. Мұндай әрекетке барғандарға қарсы заң аясында шара қолданылады. Себебі, Қазақстанға кіріп жатқан, Каспийге құятын арналардың су мөлшері белгілі. Мысалы, өңірімізге кірген судың  мөлшері теңізге құярда кеміп қалады. Демек, ортада суды заңсыз алып отырғандар бар. Су жағасына насос қойса, портал арқылы комитетке өтініш жазып, рұқсат алуы керек. Содан кейін мал, егін шаруашылығына пайдалануға болады. Екінші мәселе – көлік жуу. Көлік жуатын жерлерде  жуған суды қайта тазартып пайдаланатын құрылғылар  тұруы қажет. Сонымен қатар, су таситын көліктерде арнайы рұқсаты, белгіленген су алатын жерлері болуы тиіс. Біз жылына 2 рет келіп кетеміз. Айта кетейік, жаңа кодексте бізге бақылау-қадағалау міндеті жүктелген. Алдан ала ескертусіз барып та қарай аламыз. Сусорғыға  есептегіш орнатылады. Комитет белгілген көлемнен артық су пайдаланғандарға айыппұл салынады. Рұқсатсыз су алып отырса, сол жердегі әкімдерде жауапқа тартылады. Қазір су саласына қатысты заң бұзушылықтар үшін көзделген айыппұлдар мөлшері 150-ден 200 АЕК-ке дейін ұлғайтылғанын ескертеміз. Ауыз су алынатын жерлердің маңайы 200 метрге дейін таза ұсталуы тиіс.

Сол сияқты лас суды Шарон өзеніне ағызып жібергендер жайлы шағым түсті. Суды қайта өңдеуге жібермей, кез-келген жерге төге салса 580 мың айыппұл төлейді. Осыны ескеріңіздер. Жер асты суы стратегиялық қор ретінде есептеледі. Сондықтан құдық қазуға да рұқсат қажет. Оны алу үшін  «Е-лицензирование» арқылы өтініш бересіздер, – деді.

Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясының инспекторы Бақытгүл Қарабалина одан әрі қатысушы округ әкімдері, шаруа қожалықтары басшылары тарапынан туындаған өр суының аз келуі, оның жүретін жолдарын бітеп тастағандар, су қорғау аймағына қатысты сұрақтарға жауап қайтарды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT