Күнделікті өмірді сусыз елестету мүмкін емес.Таңертең тұра салысымен күніміз тіршілік нәрін пайдаланумен басталады. Ерсілі-қарсылы жіберіп, сұрауы жоқ сияқты айналаны көл-көсір қып жуынамыз.
Алайда, артын ойламаймыз. Қазіргі таңда Оңтүстік Африка жеріндегі құрғақшылықты есті жан бәрі біледі. Бүгінде бейкүнә сәбилердің бір жұтым суға зар боп, шөлмектің түбін қағып тұрған суреттері әлеуметтік желіде кең таралуда. Соны көре тұрсақ та, шүкіріміз аз. Өйткені,басқа түспейінше сабақ алмайтын жаратылысымыз сондай. Қара нәсілділер елін қоя берші, ауданымызда да ауыз суға жарымай отырғандар да жетерлік. Краннан ағызған сәтте сондай жайттарды еске түсірсек, үнемдеген болар едік деп ойлаймын.
Тіпті қазіргі таңда жер шарындағы халық санының өсуі, көпсалалы өнеркәсіп орындарының көбеюі, тіршілік иелеріне қажеттілігі ауамен бірдей тұщы суға деген сұранысты ұлғайтып, әлемде оның тапшылығы сезіле бастады. Сонымен бірге, тұщы су тапшылығына жер бетіндегі өзен, көлдердің ластануы салдарынан табиғи қордың азаюы тікелей әсерін тигізуде.Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, бүгінде 3 миллиардқа жуық адам сапасыз ауыз суды пайдаланады, дамушы мемлекеттердегі аурудың 80 пайызы таза ауыз судың жеткіліксіздігінен. Таза ауыз су мәселесін әрбір мемлекет өздерінше шешуге тырысады. Мұнайға бай Сауд Арабиясына таза су ұшақпен Жаңа Зеландиядан әкелінсе, Голландия мен Жапон еліне су Норвегиядан жеткізіледі. Гонконг құбыр арқылы суды Қытайдан тасымалдаса, Африкадағы кейбір тайпаларда әйелдер күні бойы құмды елеп, небәрі 1-2 литр лай суды жинауға мәжбүр.
Өмір мәңгі емес. Қазір жақсы күнде өмір сүріп жатырмыз.Бәрі бар. Бірақ бүгін бар дүние ертең жоқ болып қалуы мүмкін екенін білесіздер ме? Табиғи ресурстар мәңгі емес, олар да бір күні таусылады. Егер дәл бүгінгідей қолдана берсек. Қазақстанда, тұщы су қорының табиғи өсімінен, оны тұтынудың көлемі әлдеқайда басым. Еліміз үшін қатерлі құбылыс – мемлекетаралық өзендер арқылы жерімізге келетін судың азаюы, өндіріс, тұрмыс қалдықтарымен ластануы, тау-кен жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі қазба-байлықтар, оның ішінде мұнай, газ, уран, мыс, алтын және құрылыс материалдарын өндіретін аймақтарда, жерастында миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан су жүйелері күйреп, істен шыққан. Мәселен, аудандағы 49 елді-мекеннің бүгінде 43-і ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда Қарақұл,Көкарна аймағына су құбырын жүргізуде. Ал, қыр бойындағы Асан, Үштаған ауылдарына магистральды су құбыры тартылып,ағымдағы жылдың соңында ел игілігіне берілмек. Атырау облысы әкімдігінің телеграм чатында Самаркин, Кіші Кресті ауылдары ауыз судан жұрдай боп отырғандығы туралы шағым түсірілген болатын. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілердің айтуынша, бұл мәселе жаз сайын кездесетінін, оған тұрғындардың да кінәсі бар екендігін жеткізді. Өйткені суды ысыраппен жұмсайды. Егінді, теректі суаруға көп мөлшерде пайдаланады.Су тазалау ғимараты тәулік бойы жұмыс жасап тұрса да, желі айналмалы болмауы әсерінен,су құбырының жарылуына әкеліп соғатын көрінеді. Сонымен қатар, Самаркин, Приморье, Ақкөл, Котяев елді-мекендеріне жазғы су құбырын тарту туралы жоба жасақталыпты. Алайда ол маусым айындағы бюджетті нақтылау кезінде ұсынылатынын бөлім мамандары тілге тиек етті. Ал аудан бойынша ауыз су тасымалдауға әзірге бір кәсіпкерлік қана жұмыс жасап тұр.
"Судың да сұрауы бар" деген даналықты тікелей мағынада түсініп көрелікші бір сәт. Сусыз өмір жоқ екенін теорияда керемет білеміз. Ал іс жүзінде сол тіршілік көзі суға деген құрмет жоғалды десем артық айтқаным емес.
Жайдарлым Қайреден