Судан дусттың иісі мен дәмі жойылды

(0 Votes)

Газетіміздің 17 қыркүйектегі №38 санында «Ауыз су мәселесі» алаңдатады деген тақырыппен аудан тұрғындарынан түскен шағым бойынша мақала жарияланған болатын. Ауыз судан дусттың дәмі мен иісі шығып, оны күнделікті тұрмысқа тұтыну мүмкін еместігі туралы дабыл қаққан жұртшылықтың базынасына орай аудан әкімі оны қалпына келтіру бағытында бірқатар жұмыстарды қолға алды.

Күні бүгін атқарылған нәтижелі істерден оқырмандырымызды хабардар еткенді жөн көрдік. Өйткені, жергілікті билік пен бұқара халық арасында кері байланыстың орнағанына көз жеткізіп отырмыз. Қазгидромет орталығының мамандары да ауданымызға арнайы келіп, судан сынама алып, оның сапасына қатысты ешқандай сәйкессіздіктер орын алмағаны жөнінде қорытындысын берді. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров Ресей елімен бірлескен түрде өткен комиссия мәжілісіне қатысып, аталмыш мәселені көтергенін жеткізді.

- Онлайн түрде өткен мемлекетаралық, өңіраралық біріккен комиссия отырысына қатысқан болатынмын. Әдетте, сала мамандары ұдайы кездесу ұйымдастырып, мұнда мемлекеттік тұрғыда назар аударылып тұрған өткір тақырыптарды жан-жақты талқылайды. Бұл жолы «Орал-Каспий» және «Волга-Каспий» бассейндеріндегі су ресурстарының көлемі, оны пайдалану мен қорғау, су тапшылығын болдырмау, оның сапасын жақсарту т.б. туралы мәселелер қаралды. Мен осы комиссияда өңіріміздегі тіршілік көзінен дусттың иісі мен дәмі шығатынын айтып, мұның себебін Ресейдегі су қоймасынан бізге су жіберілгенде хлордың құрамы мөлшерден тыс көп болып кеткендігімен байланыстырдым. Осыдан келіп ол балдырлармен реакцияға түсіп, аталмыш дәм мен иіс шығуы әбден мүмкін екенін алға тарттым. Бұл сұрағыма жауап берген сала мамандары Ресей жерінде де осындай мәселелер орын алғанын тілге тиек етіп, судың құрамында ешқандай сәйкессіздіктер болмағанын жеткізді. Бұл жағдайға біріншіден биыл тіршілік көзінің жылдағыдан көп келіп, ұзақ уақыт қайтпай тұруы әсер етсе, екіншіден, судың үстіңгі қабаты күннің ыстығына қызып, төменгі бөлігі салқын температураны ұстап тұрды. Осыдан келіп, шамадан тыс өскен балдырларда газ алмасу, булану процестері басталып, аталмыш жағымсыз иіс пен дәм шығып отырғандығынан хабардар етті, - деді аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров.

Күні бүгін екі ел арасында орын алған ортақ мәселеге орай, Волгоград су қоймасынан ауданымыздың өзендеріне 15 қыркүйектен бастап 10 қазанға дейін су жіберілуде. Қазір өткен әзірдегі тұрғындар арасында дүрбелең туғызған ауыз судың жыры саябырсыды. Өйткені, тіршілік нәрінен жағымсыз иіс пен дәм кетті.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT