Су желісінің құбыры істен шығу қаупінде

(0 Votes)

Онлайн форматта есеп берген Қиғаш ауылдық округінің әкімі Жігер Жанханов былтырғы атқарған жұмыстарын алдыңғы жылмен салыстыра сипаттады.

Есепті берзімде біраз іс тындырылған. Д.Нұрпейісова елді мекенінің көшелері түгел жарықтандырылған. Ендігі кезек Қиғаш ауылының қалған көшелеріне кезең-кезеңімен жарық шамдары орнатылады. Д.Нұрпейісова елді мекеніндегі 38 отбасына интернет желісі тартылған. Қиғаш ауылдық орта мектебінде кейбір пәндерден педагогтар, округтегі фельдшерлік акушерлік пунктке білікті аға дәрігер жетіспейді. 1998 жылы ашылған аталмыш пункт ғимаратының ішкі жылу жүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Қиғаш ауылына табиғи газдың құбыры «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалына қарасты «Қиғаш» желілік диспетчерлік стансасының көмегімен тартылған. Жаңадан құрылған «Қазақ ауылға» кейіннен газ құбырларының диаметрі кішірейіп жүргізілген. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары үйлерін жылыту үшін газдың күші жетпейтініне реніштерін білдіріп, оның құбырларын ауыстыруды талап етіп отыр. Округ әкімі Ж.Жанханов аталған мәселені шешу үшін ауылдың көгілдір отыны Жыланды ауылы арқылы келетіндіктен, бұрынғы диаметрі 57 мм тұрбаны Қазақ ауылына ауыстыру немесе жаңадан тартылып жатқан инженерлік инфрақұрылым желісіне қосу үшін жұмыстанатынын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Ниғыметолла Билялов 1987 жылы пайдалануға берілген болат материалды құбырлар қазіргі таңда ескіріп, істен шығып қалу қаупінде тұрғанын қаперге беріп, оны жаңадан тартудың мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Сонымен қатар, Қиғаш, Д.Нұрпейісова елді мекеніндегі газ құбырларын жай жөндеуден өткізуді ұсыныс етті. Ауыл тұрғыны Мұғал Кенжеева қоқыс жәшігі контейнерлерін жаңартып, қалдық шығаратын көлік берілсе деген тілегін жеткізді. Хамидулла Оразалиев Д.Нұрпейсова елді мекеніне жазғы су құбырын тарту, Нұролла Ибрашев Қиғаш ауылындағы Бөкей хан көшесін жарықтандыру жөнінде көпшіліктің ортақ өтінішін алға тартты. Өз сөзінде округ әкімі Ж.Жанханов биылғы жылы "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында сәуір-мамыр айларында Бөкей хан, С.Сейфуллин, М.Мақатаев көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінінен хабардар етті.

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев:

- Қиғаштағы ауылішілік су желісі құбырының ұзындығы 6 шақырымды құрайды.  Алдағы уақытта тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, оны жаңарту мәселесін шешуге жұмыстанамыз. Д.Нұрпейісова елді мекеніндегі газ құбырларын жай жөндеуден өткізу туралы "ҚазТрансГаз аймақ" мекемесіне ұсыныс хат жолданатын болады.  Контейнерлерді жаңарту,    жөнінде округ әкімінен нақты мәліметтер алынғаннан кейін, бұл мәселе оңтайлы шешімін табады деген ойдамын. Д.Нұрпейісова елді мекеніне жазғы су құбырын тарту жөнінде ұсыныс түскен. Алайда, біздің бүгінгі таңда алдымызда тұрған басты міндет - барлық ауылды таза ауыз сумен қамту. Жазғы су құбырын тарту желісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Аудан көлемінде атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер туралы 10 ақпан күні 10:00-де тікелей эфир арқылы аудан әкімінің есеп беру жиыны өтеді. Көкейлеріңізде жүрген сұрақтар мен ұсыныстарыңызды әлеуметтік желіде көрсетілген телефондар немесе әр округте орналасқан сенім жәшіктеріне жолдауларыңызға болатынын қаперлеріңізге беремін, - деп қорытындылады өз сөзін Қайрат Талапұлы.       

 

А.Шакупова    

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521