Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Оған комиссия мүшелері, тиісті мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуды ұйымдастыру және өткізу туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Әділ Қоңқаев баяндама жасады.
2023 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Дыңғызыл, Шортанбай, Көптоғай ауылдық округтерінің әкімдері Оралбай Азимов, Мейіржан Ғұмаров, Бауыржан Каримов хабарлама жасап, көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында жоспарланған жұмыстарын ортаға салды.
Аудан әкімінің орынбасары Г.Хасанова дайындық жұмыстарын әлі де пысықтау қажеттігін ескертіп, жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне табиғаттың алдын ала болжанбаған тосын мінезі киліксе тасқынға тосқауыл мен оқыс оқиғалардың алдын алуға әркез дайын болуды міндеттеді. Жалпы, Құрманғазы ауданы бойынша Дыңғызыл, Көптоғай және Шортанбай ауылдық округтері су басу қаупі бар аймақтар қатарында тұр. Көбіне су тасқындарына қатысты оқиғалардың басым бөлігі алдын алу жұмыстарына деген немқұрайдылықтан туындайтыны анық.
Айнагүл Күнұзаққызы