Көктем келіп, күннің жылынуы өзіндік табиғи қатерлерін ала келетіні белгілі.
Біздің өңірге тәні көктемгі су тасқыны. Осы орайда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі АҚГҮЛ ӘЛІБЕКОВАНЫ әңгімеге тартқанымызда төмендегі ескертпелерді есімізге салып өтті.
1. Әрдайым дайын болыңыз
Су тасқыны болатын аймақта тұрсаңыз әрдайым қажетті заттарды іздеп әбігерге түспес үшін құжаттар, ақша, бағалы бұйымдарды сенімді орынға жинап қойыңыз. Азық-түлік, су және құтқару шеңбері, арқан, қайық сияқты құтқару заттарын алдын ала алып қоюды ұмытпаңыз.
2. Соңғы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Су басу қаупі бар болса телеарна, радио, интернетте бұл туралы міндетті түрде жаңалықтар шығады. Сондай-ақ, азаматтардың телефонына 112 қызметі ауа райы, болуы мүмкін табиғи апаттар туралы хабарлама жіберіп отырады.
3. Электр мен газды өшіріңіз
Үйіңізге су кірместен бұрын тез арада барлық коммуникацияны өшіріңіз. Электр тогына су тисе қандай жағдай болатынын бәріміз білеміз. Тіпті соңы адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Барлық есік пен терезе жабық болуы керек.
4. Егер сіз суға батып бара жатсаңыз...
Жүзуге, су бетінде ұстап тұруға көмектесетін кез келген затты пайдаланыңыз. Егер жаныңызда бір адам көмек сұраса бірден қолыңызды созып судан шығарып алуға тырыспаңыз. Мұндай жағдайда сіз өзгені де, өзіңізді де құтқара алмайсыз. Одан да ол адамға су бетінде ұстап тұруға көмектесетін заттарды беріңіз.
5. Су тасқынынан кейін не істеу керек?
Үйіңізді тексеріңіз, себебі газ жиналып қалуы мүмкін. Электр мен газды қоспаңыз, оны мамандарға тапсырыңыз. Үйіңізде құлайын деп тұрған қандай да бір заттардың бар-жоғын тексеріп алыңыз. Электр сымы мен канализация, газ беру жүйесінің дұрыстығына көз жеткізіңіз. Су басқан заттардың бәріне дезинфекция жасау міндетті. Су тасқыны дүние мүліктеріңізге үлкен шығын келтірсе, жергілікті атқарушы органдарынан көмек сұраңыз.
А.МЕЙІРМАНОВ