Күнделікті өмірді сусыз елестету мүмкін емес. Таңертең тұра салысымен күніміз тіршілік нәрін пайдаланумен басталады.
Қазіргі таңда жер шарындағы халық санының өсуі, көпсалалы өнеркәсіп орындарының көбеюі, тіршілік иелеріне қажеттілігі ауамен бірдей тұщы суға деген сұранысты ұлғайтып, әлемде оның тапшылығы сезіле бастады. Сонымен бірге, тұщы су тапшылығына жер бетіндегі өзен, көлдердің ластануы салдарынан табиғи қордың азаюы тікелей әсерін тигізуде. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, бүгінде 3 миллиардқа жуық адам сапасыз ауыз суды пайдаланады. Ал, дамушы мемлекеттердегі аурудың 80 пайызы таза ауыз судың жеткіліксіздігінен туындайды. Бүгінде таза ауыз су мәселесі ауа мен тамақтан кем емес. Сол себепті әрбір мемлекет өзінше шешуге тырысады. Қазақстанда да ауыз сумен қамту өзекті мәселелердің бірі.
Қазір жақсы күнде өмір сүріп жатырмыз. Бәрі бар. Бірақ бүгін бар дүние ертең жоқ болып қалуы мүмкін екенін білесіздер ме? Табиғи ресурстар мәңгі емес, олар да бір күні таусылады. Егер дәл бүгінгідей қолдана берсек. Қазақстанда, тұщы су қорының табиғи өсімінен, оны тұтынудың көлемі әлдеқайда басым. Еліміз үшін қатерлі құбылыс – мемлекетаралық өзендер арқылы жерімізге келетін судың азаюы, өндіріс, тұрмыс қалдықтарымен ластануы, тау-кен жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі қазба-байлықтар, оның ішінде мұнай, газ, уран, мыс, алтын және құрылыс материалдарын өндіретін аймақтарда ластанады. Қазір, жерастында миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан су жүйелері күйреп, істен шыққан. Бүгінгі таңда Қарақұл, Көкарна аймағына су құбырын жүргізілуде. Ал, қыр бойындағы Асан, Үштаған ауылдарына магистральды су құбыры тартылған.
Асан ауылдық округінің әкімі Мақсат Мырзағалиевпен хабарласқанымызда:
- Ауылдағы Асан мен Үштаған ауылдарын ауыз сумен қамтитын су тазарту қондырғысының құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Алайда, игілігін көре алмай отырмыз. Ғимаратты электр энергиясымен қамту жағы шешілмей тұр,-деді.
"Судың да сұрауы бар" деген даналықты тікелей мағынада түсініп көрелікші бір сәт. Сусыз өмір жоқ екенін теорияда керемет білеміз. Соны іс жүзінде ұмытпасақ, тіршілік көзі суға деген құрмет жоғалды десем артық айтқаным емес.