Бұған «Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының партиялық бақылауда тұрған құрылыс нысандарын кезекті аралауы барысында көз жеткіздік. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Болатбек Өтегенов Еңбекші ауылдық округіне қарасты Кадырка ауылында салынып жатқан 60 пәтерлік үй, Құрманғазы ауылдық округіндегі «Жайлы мектеп» құрылысында болып жасалып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Мердігер «Бек и Ко» ЖШС Кадырка ауылында салып жатқан 60 пәтерлік үй құрылысының учаске бастығы Жомарт Қаусовтың айтуынша қазір ішкі сылақ, еден құю, төбесін тасты мақтамен (стеклобат) жабу сияқты жұмыстар жасалуда. Әр пәтерде лоджия, жеке газбен жылыту қазаны болады. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Болатбек Тағанқожаұлының сұрағына берген жауабында жұмыс кесте бойынша жүруде екенін, тек қыс мезгілінде ғана аязға байланысты аздаған кідіріс болғанын жеткізді. Қазір 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Материалдар жеткілікті. Учаске бастығының мәлімдеуінше мұндағы мәселе – 60 пәтерлік үй астынан өтіп жатқан ауыз су құбыры жырға айналып, әлі шешімін таппауда. Ертең ғимарат отырғанда салмағымен оны жарып жіберсе, жан-жақтағы тұрғындар ауыз сусыз қалады. Жер жұмсарып, үйдің құлау қаупі де туындауы мүмкін. Учаске бастығы Жомарт Қаусов қазір егін суару жұмыстары басталмай тұрғанда ауыз су құбырын екі жағынан кесіп, құрылысты айналып өтетін етіп қайта жалғау керектігін алға тартты.
РТС ауылындағы 600 орындық «Жайлы мектепте» мердігерлер тарапынан Германиядан жеткізілген, сапалы заманауи терезелерді салу, тас өру, гипсті сылақ соғу, электр желісін тарту сияқты жұмыстар атқарылуда. Жоғары көтерілетін басқыштардың төменгі жақтарының жұмыстары қалған екен. Жылу қазаны ғимараты орнатылған. Алға қарай жақын маңына 50 тонналық су жинағыш (резервуар) қойылады. Оның бірі мектепті сумен қамтыса, екіншісі өрт сөндіруге арналады. Құрылысқа жалпы 188 адам қажет болса, бүгінде мұнда 45 жұмысшы еңбек етуде. Тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ-ның учаске басшысы, құрылыс шебері Жеткіншек Ерғалиев:
– Қалада құрылыстың жақсы мамандары бар, бірақ, ауылға жұмысқа келмейді. Бастапқыда жергілікті жерден 70 адамды жұмысқа алғанбыз. Алайда олардың жұмыс жасағаннан гөрі темекі тартып отыруы, шайханадан шықпауы көбейген соң босаттық. Әрқайсысының артынан жүруің қажет,– дейді.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Болатбек Өтегенов нысанды аралап көріп, кейбір жұмыстарға қатысты сұрақтар беріп, құрылыстың сапалы шығуы назарда ұсталатынын жеткізді.
«Лидер» ЖШС-нің техникалық қадағалаушысы Нұрлығайын Хисемеденов бізбен әңгімесінде: – «Жайлы мектеп» болғаннан кейін оның сапалы шығуын қадағалау менің басты міндетім. Аз-кем кемшіліктер кетсе түзетіп, қажетті өзгертулер болса «Samruk Kazyna Construction» АҚ-на ұсынысымды жолдаймын. Өткенде сапасыз құрылыс материалын әкеліпті, соны акционерлік қоғамға жазған соң, газоблокке ауыстырды. Қазір құрылысқа келіп тұрған судың сапасы көңіл көншітпейді. Ертең мектеп біткенде стандартқа сай су берілмесе, таза болмаса қостырмаймын. Мини су тазартқыштар шығып жатыр, соларды әкеліп қоюға болады ғой. Сонымен қатар, қазір мұнда келіп тұрған су жүйесінің осыдан бірнеше метр жерде орналасқан құдығы «Құрманғазы су арнасына» қарайды. Құдықтың қақпағы ашық, іші қоқысқа толы. Аталған мекеме оны ретке келтірмесе, мұнда су жүрмей қалуы мүмкін. Мектеп ғимараты сыртын қаптауға әкелініп қойылған, Маңғыстау өңірінен шығатын «Laimsting» материалы біздің жердің климатына сай келмейді. Бұл жөнінде аудан әкімі Абат Жанғалиевке, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ-на да айттым. Аудан басшысы да өзгерту керек деді. Міне, көріп тұрсыздар бізге керегі қалыңдығы 2 см, тығыз түрі болса, мынау 3 см. Қолмен ұстап қараңдар үгітіліп жатыр. Осыны салуға қарсымын. Бұл ертең баланың үстіне құлауы, жаңбыр мен желге шыдас бермей түсіп қалуы мүмкін,– дейді.
Қанат ҒҰМАРОВ