Аудан әкімдігінде су бойындағы қауіпсіздікті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында жиын өтті.
Оны аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев ашып, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын қаперге берді. Жиынға онлайн түрде қатысқан Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы көліктік бақылау бөлімінің бас маманы Жомарт Құспанов су көлігі саласындағы бақылау барысына, жылдың ІІ тоқсанында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Айтуынша облысымыз бойынша өзінен басқа маман жоқтығынан ауданымызға көктем және күз айларында ғана келе алады. Аудан әкімінің орынбасары Н. Қалиев өзен бойында талапқа сай жабдықталмаған қайықтармен адам тасушылардың көбейіп кеткенін, олардың қауіпсіздікті және су бойында жүру ережесін сақтай бермейтінін жеткізіп, осы бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Құбашев тұңғиықгүлді көруге барушыларды бударка қайықтарға 15 адамнан, балалармен бірге мінгізіп заңсыз түрде тасып жүргендер барын қаперге берді. Аудандық прокуратураның қызметкері Е. Иманғазиев аудан көлеміндегі өкілетті органдар жүргізген бірлескен рейд барысында су көліктерін жүргізушілердің ереже бұзушылығы анықталса қандай шара алынатыны жайлы сұрақ қойды.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті «Құрманғазы» шекара бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ербол Кашкенов өзінің алаңдаушылығын білдіріп:
– Шекара қызметінің негізгі мақсаты – экономикалық, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ел шебін қорғау. Су бойында рұқсатсыз жүру, қауіпсіздікті сақтамау мәселесі бізде күзге дейін болады. Қазір 55 адамға әкімшілік құқық бұзушылық баптары бойынша шара қолданылды. Бұл су бойында жүру ережесін сақтамағандардың 10 пайызы ғана. Көліктік бақылау инспекциясы өзінің штатын көбейтпесе немесе ауданға маман бөлмесе, сіздің анда-санда келгеніңіз ешқандай нәтиже бермейді. Әрбір қайықтың артынан қуып жүруге біздің мүмкіндігіміз тартпайды. Қайық иесінің үстінде қауіпсіздік жилеті, онда су көлігінің нөмірі болуы, жолаушылар рұқсат қағазы мен жеке басын анықтайтын құжатты бірге алып шығуы керек. Осыны түсінбей, орындамай жатқан жағдайлар бар, – деді.
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы көліктік бақылау бөлімінің бас маманы Ж.Құспанов министрлікте қысқарту жүріп жатқандықтан штат көбейтілмейтінін, аудан көлемінде өтетін бірлескен рейдке шақырса баруға әзір екенін мәлімдеді.
«Құрманғазы» шекара бөлімі бастығының міндетін атқарушы Е.Кашкеновтің хабарламасы тыңдалғаннан кейін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах Тельячий каналы арқылы тұңғиықгүлге шыққанда қоғаның ортасымен өтетінін, Канашенский каналымен қосылатын тұсында қауіпті бұрылыс барын айтып, шекара қызметі сол жерге катер қойғаны жөн деген ұсынысын ортаға салды.
Қатысып отырған туристік базалардың өкілдерінен Батырбек Амиров келетін туристерге жағдай жасап, тұңғиықгүлге баратын жерлерді қамыстан, құлаған теректерден аршу қажеттігін алға тартты.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлеповтің айтуынша ағымдағы жылдың 6 айында ауданымызға 846 турист келген. 6 туристік демалыс орындары жұмыс жасауда, суға шомылуға белгіленген орындары бар 11 жер учаскесі бекітілген.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы қорытындылап, қатысып отырған күштік құрылымдар, бөлім басшылары, округ әкімдері мен туристік база өкілдеріне қатысты тапсырмалар берді.
Қанат ҒҰМАРОВ