Құрманғазы ауданы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысын оның төрағасының орынбасары Ж.Хасанов ашып, күн тәртібімен таныстырып өтті.
Алғашқы болып аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы А.Ахбалиннің «2018 жылдың көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу және оған дайындық мәселесі, төтенше жағдайлардың қатеріне және туындауына ден қоюға азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарын әзірлікке келтіру» туралы хабарламасы тыңдалды. - Су тасқынының көлемі туралы Қазгидрометтің негізгі нақты болжамдары биылғы жылғы наурыз айының 10-на дейін күтілуде. Соған сәйкес, тұжырымдамалар жасалып, қосымша іс-шаралар атқарылуда. Аудан аумағында су тасқынының аймағында 4 -елді мекен, 12 нысан, 1548 тұрғын үй, 7770 адам тұрады. ҚР Ішкі істер министрлігімен жасақталып жатқан «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасында 55,1 шақырымның бөгетті жөндеу, 11,9 шақырым жаңадан салу іс-шарасы енгізілген. Олардың жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Жөндеу және жаңадан салу жұмыстарының жалпы сомасы 656 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта конкурс жарияланған. Су тасқынының алдын алу және олардың салдарын жоюға 155 тонна инертті материалдар, 52000 қаптар әзірленген, - дей келе, хабарламашы «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуды өткізу мақсатындағы дайындықпен қысқаша таныстырды. Орлы, Ақкөл, Дыңғызыл ауылдық округтерінің әкімдері А.Мұфтах, Б.Рамазанов, О.Азимов тақырыпқа орай сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Келесі кезекте Дыңғызыл, Бірлік ауылдық округтерінің әкімдері Б.Ақбанов, О.Азимов, Шортанбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Т.Қайырболатов өр суына дайындық жұмыстарынан хабардар етті.
- Дыңғызыл ауылдық округі бойынша 2016 жылы Данай, Қаражар, Льдобаз учаскелеріне су басу қаупі төнгендігі белгілі. 2017 жылы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қауіпті жердің 3800 шақырым бөлігіне 29 434 460 теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөлінген 1000 л. жанармай түгел жұмсалып, 3000 дана қаптың 2300-і жаратылды.
2018 жылға қорғаныс бөгеттеріне қажетті инертті материалдар мен атқарылатын жұмыстардың көлемі шығарылды. Ғ.Әліпов ауылының арқа жағындағы 1,5 м., Данай учаскесінің су насосы алдындағы 100 м. жер жөндеу жұмыстарын қажет етеді, - деді округ әкімі О.Азимов.
Бірлік ауылдық округінің әкімі Б.Ақбановтың айтуынша, мұндағы бөгеттің ұзындығы 10,8 шақырым. Су жарып кету қаупі бар аймағының ұзындығы 2,9 шақырымды құрайды. 2017 жылы 3 млн. 990 мың теңге қаржыға бөгеттерге топырақ төгіліп, жөндеуден өткен. Ал биылғы жылы су тасқынына қарсы іс-шараларды атқару үшін қаржы қарастырылуда. Бөгеттерге қажетті қаптар, инертті материалдар және құрал-саймандардың қоры жасақталуда. Бүгінде 5000 қап дайын тұр. Дегенмен, округ әкімі саз-топырақ алатын карьер мәселесін заңдастыру қажеттігін айтып, былтыр бұл жұмыс үлкен қиындық келтіргенін қаперледі. Сондықтан оның алдағы уақытта шешімі табылса деген өтінішін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Хасанов бұл тек облыс көлемінде шешімін табатынын ескертті. Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қ.Ғаббасов жылма- жыл бөгеттерге жай жөндеу жүргізіп, қаржы шығынын шығарғаннан гөрі, оны қайтіп айналып келмейтіндей етіп дұрыстап жасаудың жолдары қарастырылса деген ұсынысын ортаға салды.
Шортанбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Т.Қайырболатов Шортанбай және Жасталап елді мекендері бойынша судан қорғану бөгеттерінің алдын алу іс-шаралары жөнінде хабарламасын ұсынды.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Ж.Хасанов қорытындылап, өр суынан қорғану – үлкен мәселе екендігін жеткізіп, оған қазірден бастап сақтық шараларын ұйымдастырудың маңыздылығын ескертті.
А.ШАКУПОВА.