Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі заман талабына сай сұранысқа ие ауылшаруашылық саласының мамандарын дайындап қана қоймай, олардың арасынан өнерпаз жастарды тәрбиелеуден де кенде емес.
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Жастар таңдауы-Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі базасында облыстық «Stud Fest - 2023» фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты: колледж студенттерінің арасынан дарынды және таланты жастарды анықтап, студент жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Фестиваль жоғары дәрежеде өткізіліп, үздік өнер көрсеткен талантты студенттер Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында өтетін Гала концертке жолдама алды.
7 қараша күні М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында «Atyrau Students Union» жобасы аясында болған облыстық «Stud Fest – 2023» атты гала-концертке облыстың жоғарғы, техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы 12 оқу орнынан 200-ге жуық жастар қатысып өнер көрсетті. Сол жастардың арасында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша №46 топтың студенті Сахиев Нұрсұлтан мен «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы бойынша №45 топ студенті Қыдырова Айгүл және колледждің Жастар ісі жөніндегі инспекторы Қуаншалиева Замира Асылбековна да бар еді.
Облыстық «Stud Fest – 2023» фестивалінің қорытындысы бойынша Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі жүлделі ІІ – орынды иеленіп, колледж директоры Болатбек Тағанхожаевич болашағы нұрлы елді ілгері апаратын сауатты да білімді, жан-жақты өнерлі жастарды тәрбиелеудегі еңбегі үшін Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Колледж ұжымын жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, мерейлерін асқақтататын өресі биік жастарымыз көбейе берсін деген тілек айтамыз.
Жандыбаева Мейрамгул,
Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары