Ұстазым – сізге мың алғыс

(0 Votes)

«Адамның адамшылығы –жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай кұресіп, болашағын бағдарлай алатыны анық. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.

Төл мерекеге орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдастырылды. Оның шымылдығы Нұржау жалпы орта мектебі жас мұғалімдерінің композициялық көрінісімен ашылды. Сахнадағы лед экран арқылы Абай жалпы орта мектебінің дайындаған бейнеролигі тамашаланды. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Жанғалиев бала жанының бағбаны болған ұстаздың қоғамдағы орны мен өлшеусіз еңбегін тілге тиек етіп, Президент Жарлығымен «Алтын алқа» наградасын Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Жанаргүл Битекеноваға табыстады. Ауданның Құрмет грамотасын Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әлич Бекқалиева, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Қайроваға ұсынды. Өзінің Алғыс хатымен бір топ үздік педагогтарды марапаттады.

Құттықтаулар легін аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева жалғастырып, Алғыс хатын тапсырды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасы, облыстық білім беру басқармасының Алғыс хаты, аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен 30-ға жуық тәжірибелі, білікті мұғалімді ұлығылады.

Мерекелік құттықтау және марапаттау үшін сахна төріне аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әуез Изжанов ортаға шақырылып, облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаты, аудандық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасын сала ардагерлері мен қызметкерлеріне тапсырды.

Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында ауданымызға жоғары оқу орнын бітіріп, JPI – 3.33 ұпайдан жоғары көрсеткішпен жұмысқа конкурссыз орналасқан 12 жас маманға шарада қошемет білдіріліп, алғаш еңбек жолын бастаған 36 жас педагогтың ата-аналарына облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Абуовтың атынан Алғыс хат жолданды.

Салтанатты жиын С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Шара соңы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздар хоры Людмила Жолмұханованың жетекшілігімен «Ұстаздардың ұстазы – Ыбырай» әнімен тәмамдалды.    

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT