Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

(0 Votes)

Тәжірибелі педагог Фая Рысқалиева Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. Газетіміздің мерекелік санында шәкіртінің пәнге деген қызығушылығын арттырып, құштарлығын оятқан, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білетін ұстаз туралы әңгімелегенді жөн көрдік.

Фая Тарихқызының мұғалім болсам деп балалық шағынан аңсаған арманы болашағына үлкен жол ашты. Арман қанатында 1991 жылы Гурьев педагогикалық институтының филология факультетін бітірді. Алғашқы еңбек жолын Манаев орта мектебінен бастап, кейін, 1992 жылдан бері Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебіне ауысты. Бүгінде осы білім ұясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Фая Тарихқызы - жоғарғы санатты, педагог-зерттеуші. Осы мектепте жұмыс істей жүріп, 10 жыл директордың оқу ісі тәрбиесі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарған. Алайда, денсаулығына байланысты оны қоюды жөн көрген. Десек те, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 19 сағат алып, бала жанының бағбаны болып жүр. Басты мақсаты - балаларға жақсы білім беріп, келешек ұрпақты сапалы біліммен сусындату.«Ұстаз ертеңгі күні шәкірті «Бұл кісі маған сабақ берген» деп құрметпен қарауы үшін бар жақсылықты бойына жиятын, бала жанына ақылдың нәрін сеуіп, нұр құятын, қиялына қанат бітіретін, адал да әділ, мәдениетті, білімдар адам болуы тиіс»,-дейді кейіпкеріміз.

Ағаш - жапырағымен, ұстаз - шәкіртімен көрікті. «Шәкіртсіз - ұстаз тұл», деп бекер айтылмаған. Фая Тарихқызының шәкірттерінің бірі, Ыбырай Алтынсарин мектебінің 11 сынып оқушысы Айнұр Меңдеш ҰБТ-дан аудан бойынша 125 балл жинады. Ол «Алтын белгіге» үміткер емес, алайда,үздіктерден оқ бойы оза шапты. Жасынан білімге құштар, тестілеуден жоғары ұпай жинаған бұл оқушы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне түспек ойы бар. Болашақта тіл маманы болу үшін қазақ тілі мен әдебиетін таңдапты. Мұғалім еңбегі оқушыларының осындай жетістігі арқылы да көрінеді. Фая апайымыз да өз шәкірттерін мақтан тұтады. Олардың қатарында бүгінде облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүргендері бар. Ұстаздың еңбегі еленіп, 2015 жылдан бастап түрлі марапаттарды иемденіп келеді. Өз саласының Құрмет Грамотасының иегері.

Жүйрік тұлпар шапқан сайын жылдамдығын үдететіні секілді, мұғалімнің де жылдар өткен сайын тәжірибесі артады. Сонымен қатар жауапкершіліктің де жүгі ауырлайтыны хақ. Фая Тарихқызына ұстаздық қызметінде биік шыңдарды одан әрі бағындыруын, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беруде сәттілік тілейміз!

Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521