Ұстаздық жолдың шырақшысы

(0 Votes)

Өмірге келген әр адамның өз мақсаты алып армандары болады. Ол армандарыңды алға қарай жетелейтін, бағыт - бағдар беріп демейтін, жол сілтейтін ұстаз. Шыны керек бұл өмірдегі адам баласының  сан түрлі салада тәжірбие жинап жүрген мамандық иелерінің барлығы дерлік ұстаз алдынан өтіп, білім алады.

Алған білімдерінің арқасында қанатын кеңге жайып, биікке самғайды. Ал ұстаз болса сол шәкірттерінің  санасына нұр құйып, оларға өзінің бар білгенін үйретуден жалықпай үлкен өмірге дайындайды. “Алты алаштың басы қосылса - төр ұстазға” деген дана халықпыз. Расында, ұстаз қай қоғамда болмасын алар орыны жоғары. Себебі ұстаздар ұлтың ұлы тұлғасын қалыптастыратын, адам жүрегіне шамшырақ болып жарық түсіретін мамандық иелері. Мектеп қабырғасында сансыз шәкірттің жолын ашып, тағылымы терең тәлім берген ардақты жандар. Ауданымыздағы мектептерде 40 жылға жуық еңбек еткен, талай жас өренге жол сілтеген, сонымен қатар шәкіріттеріне өмірлік сабақ берген ұстаздардың бірі Мырзағалиев Жастілек Қишуұлы ағайымыз бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа шығып отыр. Осы орайда мен қолыма қалам алып, зейнеткердің еңбек жолын сіздерге таныстырғым келеді.

Ұстазымыз Жастілек Мырзағалиев ағай 1962 жылы 1 мамырда Алға ауылдық окрогінде дүниеге келеді. Әкесі Қишу Мырзағалиұлы мен анасы Мырзабаева Злиха қарапайым еңбек адамдары. Дүниеге 5 ұрпақты әкелген ата - аналар. Сәби кезінен бастап тілге жетік, есепке жүйрік бала Жастілек болашақта мұғалім болуды армандайды. 1969 - 1979 жылдары Карл Маркс мектебінде білім алады. Мектеп қабырғасынан бастап тәртіпті, табиғаттың тылсым сырын игеруге деген құштарлығы сол кездерден бастау алады. Сол арманы алға жетелеп, мектепті бітірген жылы Гурьев қаласындағы педагогикалық инситутына физика математика пәнінің мұғалімі бойынша оқуға қабылданады. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, ауданымыздағы сегізжылдық Каспий мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Және сол мектептің авто ісі мұғалімі болып қос қызметті қатар атқарады. Кейіннен 1985 жылы К.Маркс мектебі жанындағы жатаханада тәрбиеші жұмысын аудандық білім бөлімі осы Жастілек Қишуұлына міндеттейді. Ағайымыз бұл қызметті де өз жауапкершілігінің, ұқыптылығының арқасында мідірсіз жүріп атқарады. Онымен қоса сол мектептің ішкі тәртібі, балалардың сапалы білім алуы, сондай-ақ жас бүлдіршіндермен ортақ қарым - қатынас орнатып, даму жағынан кемістігі бар балаларменде жұмыс жасап мектеп психологі болып жұмыс жасайды. 2003 жылдан бастап кадрлық өзгерістерге байланысты сол білім ордасындағы қызметімен терең шұғылданып физика пәнінің мұғалімі болып ауысады. Ауыл балаларының сапалы тәрбие, терең білім алуға деген құштарлығы оянып, Ньютонның заңынанда әріге өтетін, табиғаттағы құбылыстарды зерттейтін ғылым түрі - физика пәнінің мұғалімі болып есімі облыс, республикаға дейін әйгілі болған шәкіріттерді тәрбиелейді. Қазіргі уақытта Жастілек Қишуұлының алдынан өткен шәкіріттері қоғамның әр саласында жүр. Алған өнегелі де сапалы тәрбиені бойына сіңірген балаларының есімдері аталғанда - ұстазымыздың төбесі көкке жетіп, марқайып қалады. Ұстазға осыдан артық бақыт барма?!

Тек қызметте ғана емес, өмірде де өз адамгершілік, кішіпейілділік сияқты адам бойындағы асыл қасиеттерді жадында ұстаған, адамдармен тығыз- қарым қатынас орната білетін, тек күліп жүретін, бала тәрбиесіне ерекше назар аударатын Жастілек Мырзағалиевтің аты ауданға кең тарап, көзге түседі. 2022 жылы аудандық білім бөлімі ағайымыздың өзі білім алған Ә.Сәрсенбаев мектебінің директоры етіп тағайындайды. Бұл қызметті де, өзіне деген сенген сенімнің арқасында лайықты атқарып, балалар, мектеп мұғалімдерімен де байланыс орнатады. Бұл тағайындалған директорлық  қызметті күні бүгінге дейін яғни зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін лайықты атқарады. Бұл өзіне жүктелген қызметті де мектептегі білім сапасы жағынан алдыңғы қатарлардан көрінеді. Жастілек ағай басшы болған кезде мектеп оқушылары республикалық білім бәйгелерінде топ жарды. Бұл еңбектері де жоғары бағаланып, аудан әкімдігінен алған алғыс хаттары, ҚР Білім және Ғылым министірлігінен және Президентіміз Қасым - Жомарт Тоқаевтің Алғыс хатымен екі мәрте марапатталады. Ағайымыздың зейнеткерлік жасы  құтты болып, бейнетінің рахатын көргей!

2021- 2022 оқу жылдарында Жастілек ағай біздің Нұржау мектебіне қосымша физика пәнінің мұғалімі болып сабақ берген еді. Сол кездерде ағайымыздың азаматтық келбетіне, іс - тәжірбиесіне тәнті болып, сабағын сүйсіне тыңдап, терең меңгеруге тырысатынбыз. Үлкенге де кішіге де қамқор,  біздерге  талапшыл, тәртіпті жақсы көретін ұстаз бола білді.

Биылғы жылы ауданның ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен, педагогика саласында көпке үлгі бола білген, талай шәкірт тәрбиелеген ұстазымыз Мырзағалиев Жастілек Қишуұлы зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбек демалысына шықты. Ұстазымыздың отбасына амандық, деніне саулық тілеймін!

Жаңа жасы құтты болсын!

Ғазиз Азамат

шәкірті, жас тілші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT