Аудандық жас туристер бекетінің ұйымдастыруымен Кудряшов ауылдық округінде Халықаралық туризм күніне орай мектеп ұстаздары арасында туристік слет өтті.
Оған ауданымыздың білім ошақтарынан 17 команда қатысып, бақтарын сынады. Мақсаты – спорттық-сауықтыру туризмінің түрлері мен ерекшеліктерін көрсету, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық тәрбие жұмыстарын жүргізу. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық білім бөлмінің басшысы Гүлфара Құбаева сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Табиғаты тамылжыған орман арасында екі күнге созылған шараның алғашқы күні спорттық техника жарысынан басталды. Оның барысында мұғалімдер әртүрлі туристік-спорттық кедергілерден өтіп, күш-жігерлерін байқатты. Мұнда кейбір командалар қандай кедергіні де еңсеріп, өздерінің жылдамдықтарымен көзге түсті. Слетте түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды. Аспазшылар сайысында ұстаздар өздері дайындаған дәмді тағамдарын ұсынды. Бұдан кейін туризм қалашығы көңілді тапқырлар және ән-би кешімен сәнін тапты. Келесі күні слет туристік бағдарлаудан жарысқа ұласты.
Көңілді сәттерге, думанға толы шара сол күні қорытындыланды. Слеттің қорытындысымен туристік техника бойынша С.Имашев атындағы жалпы орта мектеп жеңіске жетсе, ІІ, ІІІ орындардан Ф.Оңғарсынова және Ломоносов атындағы жалпы орта мектептері көрінді. Көңілді тапқырлар кеші бойынша Абай атындағы жалпы орта мектептің командасы үздік атанса, ІІ, ІІІ орындарды Панфилов, С.Имашев, Ы.Алтынсарин, Ломоносов, Әуезов атындағы жалпы орта мектеп иеленді. Туристік ән конкурсында Ақкөл жалпы орта мектебі жеңімпаз атанса, ІІ, ІІІ орындарды С.Имашев, Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы орта мектептер қанағат тұтты. Аспазшылар сайысында Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп І орынды, Ғ.Мүсірепов, Еңбекші жалпы орта мектептері ІІ, ІІІ орындарды қанжығаларына байлады. «Тұрмыстық дағды», «Спорттық ойын», «Картамен объектіні табу» бойынша да командалар өзара мықтыларды анықтады. Жалпыкомандалық есеппен Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп жеңіс тұғырынан көрінсе, ІІ, ІІІ орындарды Ақкөл, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептері иемденді.
Аудандық жас туристер бекетінің директоры Алмажи Өтегенов барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар табыс етіп, слеттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Кудряшов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жиенқұл Жұмахметов, Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектептің директоры Сабыржан Жұпарғалиев, Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшысы Сәрсенбай Қалиевке зор ризашылығын білдірді.
Айнагүл Күнұзаққызы