Сафон ауылдық округіндегі Қадыр-Мырза Әлі орта мектебінде Республика күніне орай «Байтақ елім – Тәуелсіз Республика» атты мерекелік шара өтті. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров, Білім беру қызметкерлері кәсіптікодақтары аудандық комитетінің төрағасы Әуез Ізжанов, аудандағы мектептердің директорлары мен ұстаздары, балабақшалардың басшылары, тәрбиешілер қатысты. Әнұранымыз тыңдалып, мектеп жанындағы оқушылардан құрылған оркестр «Ата толғауы» күйін, Мәдина Нұрлыбекова «Атамекен» әнін орындады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Ғарипұлы қатысушыларды мерекемен құттықтап: – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мерекені республикалық деңгейде атап өту керектігін айтып және ұлттық мейрамдарымыздың қатарына қосқанын білесіздер. Сондықтан еліміздің тарихындағы бірлігі мен өркендеуі жолында, Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын тәрбиелеп отырған барша ұстаздарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің білім саласында атқарып жатқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тек білім берумен шектелмей, еліміздің ертеңін тәрбиелеп жатсыздар, – деп мықты денсаулық, шығармашылық табыс, жұмыста жетістіктер тіледі. Ұзын саны қырықтың үстінде мектеп директорлары мен балабақша басшыларын, қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, облыстық білім беру басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.



Білім беру қызметкерлері кәсіптікодақтары аудандық комитетінің төрағасы Әуез Сәдуұлы елімізде білім беру саласына мән беріліп отырғанына тоқталып өтіп: – «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы ұстаздар үшін үлкен қамқорлық. Мемлекет басшысы мұғалімдердің жағдайын жасап, жұмыстарын жеңілдетуге зор көңіл бөлуде. Бүгінгі мерекенің бірінші тоқсанымыздың аяқталуымен тұспа-тұс келуіне мен өте қуаныштымын. Көңілдеріңіз көтеріңкі екенін көріп отырмын, – дей келе бір топ директорлар, балабақша меңгерушісі, ұстаздарды аудандық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен ұлығылады.

Шара барысында Refresh Minute сұрақ немесе тапсырма ойыны ойналып, мектеп ұстаздары Айнұр Бауыржанқызы, Құралай Кудиярова, Закария Хасанов, Раббина Батуова, «Жастолқын» мұғалімдер ансамблі әдемі әндер орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ


