Спортшы жастарды шыңдаған ұя

(1 Vote)

Биыл аудандық Құрманғазы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына 50 жыл толып отыр.

Осыған орай аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ауылдағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінде спорттың бірнеше түрінен облыстық спартакиада тұсауын кесті. Оған Қызылқоға, Жылыой, Исатай аудандарының командалары және құрметті қонақ ретінде самбодан Кипр мемлекетінде өткен спорт шеберлері арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, Қызылқоға спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Жандос Тілекқабылов қатысты. Жарыстың ашылу салтанатын ауданымызға танымал өнерпаз Берік Әнесов жүргізді.

img_3115

1969 жылы құрылған бұл мектеп талай саңлақтарды тәрбиелеп шығарған қастерлі орын. Ауданымыздың абырой-беделін асқақтатқан түлектері жеткілікті. Бүгінде аталған мектеп директоры Әдебиет Ердешов бастаған тәжірибелі ұжым аға буынның даңқты жолын жалғастыратын, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарды шыңдауда. Құрманғазы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Есенқабыл Рамазановтың айтуынша биылғы оқу жылында мұнда 40 топта 513 оқушы спорттың тоғыз түрінен дәріс алуда. Жиырма жаттықтырушының 16-сы жоғары, 4-і арнаулы орта білімді. Мектепте балалар бокс, еркін күрес, футбол, баскетбол, таэквондо, қазақ күресі, дзюдо, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерін үйренеді.

– Жекпе-жек, бокс сияқты спорт түрлеріне балалар 10-12, баскетбол, волейбол үйірмелеріне 8 жастан бастап қабылданады. Котяев, Шортанбай ауылдарында филиалдарымыз бар. Ақкөл ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені бітіп тұр. 2020 жылдан бастап мұнда спорттың үш түрінен үйірме ашып, 150 бала қабылдаймыз деген жоспарымыз бар, - дейді спорт мектебі директорының орынбасары Есенқабыл Рамазанов.

img_3116

Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп: – Бұл спорт мектебі ауданымызда үлкен тарихи маңызы бар білім беру мекемесі ретінде саналады. Осында сан мыңдаған шәкірттер тәрбиеленді, ауыл тұрғындары да бос уақытында спортпен шұғылданады. Бүгінгі шарамызға осы мектеп ашылғаннан бері қатысқан, аудан спортында өзіндік орны бар ағамыз келіп отыр. Шақыруымызды қабыл алып алыс аудандардан жеткен спортшыларға да ризашылығымызды білдіреміз. Табиғаты тамылжыған Құрманғазы ауданы облысымыздағы жеті ауданның ішінен Ресеймен шекарада орналасқан, еліміздің батыс қақпасы болып саналатын үлкен елді мекен. Салауатты өмір салтын насихаттау бәріміздің ортақ міндетіміз. Өзім де қолым бос уақытында осы кешеннен табыламын, - деп спорт саласының ардагері Жұлдыз Құлесовке құрметін білдіріп, қызылқоғалық әлем чемпионы Жандос Тілекқабыловқа қош келдіңін айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

img_3124

Ардагер спортшы Жұлдыз Құлесов мерейлі сәтпен спортшыларды, мектеп ұжымын, ата-аналарды құттықтап: – Осы спорт мектебі 1969 жылы 10 қазанда ашылғанда мен 15 жаста екенмін. 26 қазанда облыстық жарысқа кеттік. Біздер осы мектептің алғашқы түлектеріміз. Бұрыннан да спортпен айналысып жүретінбіз. Андиров Болат деген жаттықтырушы ағамыз біздерді жинап алып, 15-20 күндей жаттығу жасадық. Жарысқа барғанда өздеріңіз білесіздер көп нәрсе үйренесің, ел көресің. Еркін күреске сонда 8 бала қатысқан екенбіз. Олардың қазір үш-төртеуі өмірден өтті. 1975 жылы мен осы спорт мектебіне жаттықтырушы болып келдім, 2003-2014 жыл аралығында осы спорт мектебінің директоры болып жұмыс жасадым. 2017 жылдан бастап зейнеткермін. Салада жұмыс жасағанда аудан спортын дамытқан атақты азаматтармен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын, - деп жастарға биіктерден көріне беріңдер деген ізгі тілегін арнады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521