Спорт пен қызметті қатар ұстаған құрманғазылық құқық қорғаушы

(0 Votes)
Еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі мен тыныштығы-басты назарда. Ал, сол тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау Ішкі істер органдарының полиция қызметкерлеріне жүктеледі.
Толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын тәртіп сақшылары қызметінің жүгі ауыр екендігі баршамызға анық мәлім. Олар қашанда келіп төнген қауіп-қатерге қарамастан, айыл тұрманын тағынып, халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шыбын жанын шүберекке тиіп, елі үшін қасықтай қанын қиып жатады. Сондай-ақ, шапшаңдық пен жедел түрде шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Қызмет бабында, халқы үшін абыройлы қызмет етіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, дамыл көрмей, тізе бүкпей қызмет жолымен қатар спортты да теңдей бірге алып жүрген тәртіп сақшылары қаншама?! Солардың қатарына Атырау қаласындағы алпыс екі тамыры иілген самбо, дзюдо күресінен облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы, спортта жұлдызы жанып, ал шенінде жұлдыздары жарқырап жүрген Руслан Бекжанұлы Зиноллаевты үлгі тұтып айтуымызға болады.
 
305633374_1729066084160472_2739188190391486630_n
Полиция капитаны Руслан Бекжанұлы 2008 жылдан бастап Атырау облысы Құрманғазы аудандық Ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып келеді. Бүгінде ол самбо, күрес спорт түрлерінің киелі қайнары, әрі қазыналы арқа тірегі болып отырған тәртіп сақшысы. 2005 жылы жасөпірімдер арасында өткен самбо күресінен жеңісті қанжығасына байлап, “Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы” атағына ие болған. Республика бойынша Самбо дзюдо күресінен облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, Ішкі істер органы қызметіне орналасқан кезінен бастап құқық қорғау қызметкерлері арасында өткен облыстық жарысқа төрт мәрте қатысып, бірінші орынды өз қоржынына еншіленген. Алған жүлдесінің шарайнасын ешқашан шаң баспаған Руслан қазіргі уақытта Самбо күресінен спорт шеберіне үміткер болып отыр.
 
Полиция капитаны Руслан Бекжанұлы 2005-2010 жылдар аралығында Атырау қаласы Халел Досмұхамедов атындағы университетін “дене шынықтыру” пәні бойынша мамандығын тәмамдап, 2012-2015 жылдары Батыс Қазақстан инженерлік гуманитарлық университетінде “құқықтану” пәні бойынша заңгерлік мамандығын аяқтаған.
 
“Полиция қызметкерінің адамгершілік бейнесі орнықты, рухты болмаса ол қоғамға қауіп төндіретін зиянды әрекеттерге қарсы қауқар көрсете алмайды. Сол себепті, тәртіп сақшысының азаматтармен тіл табыса білуі, ұстамды болуымен қатар спорт жағынан да белсенді болғаны маңызды. Сол себепті халқыма адал қызмет ету, басты азаматтық борышым деп санаймын” - дейді, полиция капитаны Руслан Бекжанұлы.
 
Руслан 2019 жылдан бері Құрманғазы аудандық Ішкі істер бөлімінде жергілікті қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді. Бұған дейін, жол патрульдік қызметі мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторында қызмет атқарып келген ол, халықпен үнемі тығыз байланыста болатындығын, сол себепті, қызметте ұқыптылық пен қырағылық, сабырлық пен төзімділікті басты міндетке қоятындығын арқау етті.
 
Расымен тәртіп сақшылары тұла бойына қырағылық пен өжеттілік қасиеттерін әбден сіңіргенде оның адастырмас темірқазығына айналады. Сол себепті полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету оңай емес. Халқымыздың тыныштығын күзетіп, елдік жолында талмай еңбек етіп, терін төккен қызметкерлердің істері мен жеңістері көп болсын.


Зарина Забихова, Атырау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521